Биыл 1,5 мыңнан астам жобаға 143 млрд теңге бөлінеді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Биыл 1,5 мыңнан астам жобаға 143 млрд теңге бөлінеді

29.03.2023

Биыл 1,5 мыңнанастам жобаға 143 млрд теңге бөлінеді. Сондай-ақ бірнеше заң қабылданады. Мемлекет басшысы VIII сайланған Парламенттің бірінші сессиясына қатысып, Үкімет пен Парламентке қордаланған мәселелерді шешу үшін бірқатар тапсырма жүктеді.

Сегізінші шақырылым. Жаңа құрам. Көзқарасы әртүрлі саяси күштер. Ұзақ жылдан бері оппозицияда болған партия да Парламент төрінде. Бұл саяси реформалардың заңды жалғасы.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Бұл – ұзақ жолдың басы ғана. Реформалар жалғаса береді, саяси құрылымды жетілдіру қажет. Биыл алғаш рет 45 аудан және облыстық маңызы бар қала әкімдерін тікелей сайлау өтеді. Содан кейін еліміздегі барлық аудан әкімдерін сайлайтын боламыз.

Президент азаматтардың мемлекетті басқару ісіне қатысу мүмкіндігі тағы кеңейе беретінін айтты.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Бәріміз мына бір өте маңызды нәрсені түсінуіміз керек. Қазақстан – осы геосаяси аймақта түбегейлі реформа жүргізіп жатқан бірден-бір ел. Кейбір адамдар, солардың ішінде саясаткерлер де бар, осындай реформалар Қазақстанға қауіп төндіруі мүмкін деп айтады. Бірақ мен осы өзгерістердің барлығы, ең алдымен, ел болашағы үшін ауадай қажет деп ойлаймын. Алған бетімізден қайтуға болмайды.

Ендігі екпін - әлеуметтік-экономикалық сала. Халықтың тұрмыс сапасы әлі де төмен. Жылдар бойы жалған есеп беріліп келді, түйткілді проблемалар тасада қалды. Құқықтық әділетсіздік белең алып, бай мен кедей арасы алшақтай түсті. Үкімет пен Парламент алдағы 5 жылда осы мәселелердің шешімін табуы керек. Өйткені, дәл осы бес жыл ел тағдыры шешілетін маңызды кезең болады деді президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Экономикада және әлеуметтік салада жылдар бойы жиналып қалған түйткілдер бар. Оның барлығын ретке келтіруіміз қажет. Сол үшін жұрттың бәріне бірдей жаға бермейтін, бірақ тиімді әрі қажетті шешімдер қабылдау керек болады.

Мәселені шешудің жолы алдымен шағын және орта кәсіп. Еңбек нарығының қозғаушы күші. Бірақ, салада ілгерілеу жоқ. Мемлекет басшысы орта бизнес жүйесіз дамып жатқанын сынап, Үкіметке экономиканың негізгі салаларына инвестиция тартуды тапсырды. Әрі депутаттармен бірлесіп орта бизнесті дамытудың тың тәсілдерін әзірлеуді жүктеді.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Жалпы, алдағы бесжылдық шағын және орта бизнесті қолдауға арналуы керек. Ұлттық жобалар уақтылы және сапалы жүзеге асырылуға тиіс. Бюджеттің әрбір тиыны тиімді жұмсалуы керек. Осының бәріне парламенттік бақылау жасау айрықша маңызды. Өздеріңізге дауыс берген азаматтар үлкен үміт күтіп, сенім артып отыр. Депутаттар билік пен қоғамның әріптестігін нығайтуға үлес қосуы қажет.

Осы іскерлік белсенділікті ынталандыру үшін, алдымен, әділ әрі ашық салық жүйесін қалыптастыру керек. Бұл бағытта салық жүйесін цифрландыруды ұсынылды. Ұлттық қордан бөлінетін трансферт те азаятын емес. Ол үшін теңгерімді бюджет саясаты керек. Заңсыз шығарылған активтерді мемлекетке қайтару жөніндегі шаралар туралы әзірленген заң жобасын Парламент көп кешіктірмей қабылдауы керек деді президент. Мемлекеттік басшысының сөзінше, игеріліп жатқан кен орындарының қоры сарқыла бастағанымен, экономика пайдалы қазбаларға әлі де тәуелді.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Қазба байлыққа ғана арқа сүйеп, қамсыз отыратын заман келмеске кетті. Жер қойнауынан шыққан қазынаның қосымша құнын барынша арттыру керек. Оны сапалы және сұранысқа ие тауарға айналдыру өте маңызды. Қазба байлықты тиімді және үнемді пайдалану қажет. Ол үшін заңнаманы жақсартып, рәсімдерді жеңілдету керек.

Шикізаттық емес сала дамымай тұр, азық түлік пен күнделікті тұтынатын тауардың дені сырттан келеді. Инфляцияның өсуіне осы себеп болып отыр. Ал азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге жауапты агроөнеркәсіп кешені міндетті толық орындап отырған жоқ. Мемлекет қаржысы тиімді жұмсалмайды. Осылай деген Президент бұл мәселеге аса мән беруді тапсырды.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Биыл тағы 1,5 мыңнан астам жобаға бюджеттен 143 миллиард теңге бөлінеді. Ауыл тұрғындарына 5-7 жылға жылдық өсімі 2,5 пайыз болатын шағын несие беріледі.

Баспана - халықтың бас ауыртатын басты проблемасы. Осы орайда Президент сала саясатын қайта қарау керегін айтты. Енді тек шын мұқтаж адамдарға жәрдем беріледі, саладағы саясатты қайта қарау қажет деді президент. Сондай-ақ, әлемдегі геосасяи, экономикалық, технологиялық өзгерістер нәтижесінде біздің кейбір стратегиялық құжат өзектілігін жоғалтты. Сондықтан Қасым-Жомарт Тоқаев «Қазақстан 2050» стратегиясын түбегейлі қайта қарау керегін айтты.

Асима Нұрбайқызы, тілші:

Алты партия. Алты бағыт. Мемлекет басшысы алтауына жеке-жеке сенім артты. Әрі мәжілістің жаңа құрамына депутаттың міндетін еске салды. Мансап емес, жауапкершілік керек екенін айтып, сегізінші шақырылым депутаттарын сергек болуға шақырды.



Хабарламаларға жазылу