Сайлау – әлемдік бақ назарында - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Сайлау – әлемдік бақ назарында

19.03.2023

Қазақстандағы сайлау әлемнің маңдайалды ақпарат құралдарының назарынан тыс қалған жоқ. Солардың бірі - «Франс-пресс» елімізде 20 жылдан бері алғаш рет тәуелсіз кандидаттардың парламентке өтетінін хабарлады. Және де франциялық тілші кандидаттар арасында әйелдердің, жастардың, мүгедектердің де бар екеніне мән берген. Осы тақырыпқа түріктің TRT World арнасы да материал жариялады. «Қазақстанда бүгін кешке дейін 12 миллиондай адам дауыс беруі керек. Ал бұрынғы парламент қаңтарда таратылды. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев мәлімдегендей, сайлауды мерзімінен бұрын өткізу елді модернизациялауға серпін береді», - дейді ыстанбұлдық телекомпания журналисті. Ал Американың «Associated Press» агенттігінің хабарлауынша, бүгін қазақстандықтар «жаңа энергиялы» парламентті сайлайды. Сонымен қатар, бұл материалда да Қазақстанның заң шығарушы билігінің реформаланып жатқаны айтылған. Американың «Bloomberg» агенттігі қазақстандықтардың дауыс беріп жатқанын хабарлай отырып, бақ сынайтын жеті партияның екеуінің жаңа екеніне тоқталған. Сонымен қатар, мақала авторы бұл саяси шараны үкіметті «қайта іске қосудың» соңғы сатысы деп атапты. Қазақстандағы сайлау Жапонияның «Никкей-Азия» қаржылық басылымының да назарына ілікті. «Осы жолы халық дауыс берер қарсаңда бүкіл елде плакаттар ілініп, әлеуметтік желілерде қызу пікірталас жүріп, саяси науқан әдеттегіден әлдеқайда жанды көрінді», - дейді токиолық тілші. Әзербайжанның «Trend» басылымы болса, бүгін Қазақстанда депутаттардың қандай жүйемен сайланатынын түсіндіруге тырысса, Ресейдің ТАСС агенттігі Қостанай облысының тұрғындарының ең жоғары белсенділік байқатқанын атап өткен.

Арыстан Рысбек

Хабарламаларға жазылу