Түркістан облысында сайлау сән-салтанаты жарасқан мерекеге ұласты - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Түркістан облысында сайлау сән-салтанаты жарасқан мерекеге ұласты

19.03.2023

Халқы тығыз орналасқан Түркістан облысында сайлау сән-салтанаты жарасқан мерекеге ұласты. Немере- шөбересін ерткен ақ жаулықты аналар мен ұлттық киім киіп, ұлық мерекені қарсы алған жастар да сайлау учаскелеріне лек-легімен келіп дауыс берді.

Ауылдың алты ауызын айтқан Жетісайлық аналар сайлауға келгендерге ерекше көңіл күй сыйлады. Келіндері болса ұлттық тағамға толы дастархан жайып, тұрғындарға ыстық бауырсақ пен наурыз көжеден дәм татқызды. Мәре-сәре болған жұрт ұлыстың ұлы күні қарсаңында бір-біріне ақ тілектерін жаудырды.

Жылы су ауылының тұрғыны Зәуре Сейдімбекқызының 75 немересі, 35 шөбере мен 8 шөпшегі бар бар. 13 перзент сүйген ана бұл күні бала-шағасымен бірге келіп дауыс берді.

Зәуре Сейдімбекқызы, Жылы су ауылының тұрғыны:

Жақсылық болсын айналайын, құтты бола берсін. Ендігі жылы да Құдай қаласа ойнап күліп жете беріңдер. Бақытты болып өсіңдер, өніңдер. Жаманшылық көрмеңдер.

Сайлауға сәйгүлікпен келгендер бар. Көкпар тартып, мерекенің көрігін қыздырғандар бір сәт дауыс беруге де уақыт тапты.

Сүлеймен Айтқожаев, Қазыбек би ауылдық округінің тұрғыны:

Көлікпен тасып жүр. Өзіміз ешкімге бағынышты болмайық деп атпен келіп тұрмыз әдейіге. Сол үшін атпен келіп тұрмыз. Ешкімге қарамаймыз, өзіміздің көңіліміздегі адамға дауыс береміз.

Ел үшін маңызды тарихи күнде Түркістан өңірінде 103 сәби жарық дүние есігін ашты. Ұлжан Есенбекқызы бүгін егіз босанып, ерекше бақытқа бөленді.

Ұлжан Есенбекқызы, Сауран ауданының тұрғыны:

Бүгін осындай маңызды күні сәбилерімді дүниеге әкелдім. Өте қуаныштымын. Осындай маңызды дүниеге келгеніне қуаныштымын.

Елеулі оқиғаларға бей- жай қарамайтын түркістан жұрты бұл жолы да белсенді болды. Қалың ел жаңа дәуірге қадам басқан ұлт болашағына сеніммен қарайды.

Айнұр Әбілқасымқызы


Хабарламаларға жазылу