Сайлау-2023: Саяси партия төрағалары дауыс берді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Сайлау-2023: Саяси партия төрағалары дауыс берді

19.03.2023

Парламент Мәжілісі мен мәслихат депутаттары сайлауында саяси додаға түсіп жатқан жеті партияның өкілдері де өз таңдауын жасады. Бірі дауыс беру учаскесіне отбасымен, енді бірі жалғыз келуді құп көріпті.

«Amanat» партиясының Төрағасы Ерлан Қошанов «Қазақстан темір жолы» Ұлттық компаниясы ғимаратындағы №110 сайлау учаскесінде таңдау жасады. Ол тек демократиялық әділ сайлау нәтижесі мен жастардың саяси аренаға кедергісіз келуі арқылы кемел қоғам қалыптасады, дейді.

Ерлан Қошанов, «Amanat» партиясының төрағасы:

Сайлау жоғары деңгейде ұйымдастырылып отыр. Халық өте белсенді. Біз үгіт-насихат науқаны аясында еліміздің барлық өңірін аралап, азаматтардың саяси өмірге араласуға деген қызығушылығы артқанына көз жеткіздік. Бүгінде әркімнің өз таңдауын жасап, ел болашағы үшін дауыс бергені маңызды.

«Ауыл» халықтық-демократиялық патриоттық партиясының төрағасы Әли Бектаев Мәжіліс пен мәслихаттар сайлауында дауыс берді. Ол жұбайымен бірге елордадағы нөмірі 66 мектеп-лицейінде орналасқан 113-сайлау учаскесінде азаматтық міндетін орындады.

Әли Бектаев, «Ауыл» ХДП партиясының төрағасы:

Көптеген нәрселер өзгереді. Болашақта біздің халқымыздың тұрмыс-тіршілігін жақсартуда көптеген жұмыстар атқарылады деген сеніммен келіп қатысып отырмын отбасыммен келіп.

«Respublica» партиясының төрағасы Айдарбек Қожаназаров Мәжіліс пен мәслихаттар сайлауына барып, өз таңдауын жасады. Ол елордадағы “Астана Опера” театрында орналасқан нөмірі 393-сайлау учаскесіне барып дауыс берді. Партия төрағасы сайлаудың әділ өтетіне сенімді.

Айдарбек Қожаназаров, «Respublica» партиясының төрағасы:

Бүгін шынайы тарихи оқиға. Қараңызшы, қаншама партия қатысып жатыр. Біздің ойымызша өткен 26 күн өте қызық болды. Біріншіден әділдік.

«Қазақстан халық» партиясының төрағасы Ермұхамет Ертісбаев елордадағы Оқушылар сарайында орналасқан №137 сайлау учаскесінде дауыс берді. Ол саяси науқанда тарихи және шынайы бәсекелестік болады деген сенімде. Партиядан Мәжіліске 60-тан астам кандидат ұсынылған.

Ермұхамет Ертісбаев, «Қазақстан халық партиясы» ҚБ төрағасы:

Қазіргі сайлау – бұрынғыдан өзгерек. Тәуелсіздік тарихында тұңғыш рет можаритарлық жүйеге 30% берілді. Бұл қоғамның сұранысы. Себебі отандастарымыздың басым көпшілігі партия құрамында жоқ. Оң өзгеріс нәтижесінде қоғамдық көшбасшылар да додаға түсіп, бақ сынады.

«Байтақ» Жасылдар партиясының төрағасы Азаматхан Әміртай да өз таңдауын жасады. Астанадағы №92 мектепте орналасқан №52 сайлау учаскесіне барып дауыс берді. Саяси ұйым төрағасы Мәжіліс пен мәслихат депутаттарының сайлауы әділ өтетініне сенімді.

Азаматхан Әміртаев, «Байтақ» жасылдар партиясының төрағасы:

Таңнан бері халықтың белсенділігі байқалады. Бұл жақсы тенденция. Бұл сайлау әділ өтетініне сенімдімін. Бұл жерде ең басты мәселе – халықтың сенімі. Халық кімге сенім артса, солар депутат болып, мемлекет игілігне жұмыс істейді деп ойлаймын.

«Ақ Жол» партиясының Төрағасы Азат Перуашев 122-ші сайлау учаскесінде дауыс берді. Ол бүгінгі күн ел үшін маңызды екенін атап өтті. Саяси науқанға атсалысқан штаб мүшелеріне алғысын білдірді. «Ақ жол» партиясынан мәжіліс депутаттығына 54 кандидат бақ сынады.

Азат Перуашев, «Ақ жол» демократиялық партиясының төрағасы:

Енді алдымен баршамызды осы бүгінгі сайлаумен құттықтаймын. Бұл расында да меніңше жаңа Қазақстанға қадам. Склейка Әрі қарай Президент Тоқаев айтқандай басқа да енді реформалардың өзгерістердің жаңа бір толқыны болайын деп отыр.

Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясының төрағасы Асхат Рахымжанов номері 158-ші сайлау учаскесінде өз таңдауын жасап, Мәжіліс пен мәслихаттар депутаттарын сайлауда дауыс берді. Айта кетейік, саяси ұйым атынан Мәжіліс депутаттығына 19 кандидат ұсынылып отыр.

Асхат Рахымжанов, «Жалпыұлттық социал-демократиялық» партиясының төрағасы:

Сайлауалды науқан аясында үгіт-насихат жұмыстарын жақсы атқардық деп ойлаймын. Жоспарымыз жүзеге асты. Белгіленген меже орындалды. Еліміздің барлық өңіріндегі тұрғындармен келелі кездесулер өткіздік. Бүгін міне, өз таңдауымды жасап, дауыс бердім.

Асылбек Данияр

Хабарламаларға жазылу