Саяси науқанды шетелдік 793 байқаушы бақылайды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Саяси науқанды шетелдік 793 байқаушы бақылайды

18.03.2023

Ұлттық заңнамаға және жоғары демократиялық стандарттарға сәйкес сайлау еркін және әділ өтуі үшін барлық қажетті шара қабылданды. Бұл туралы Орталық Сайлау комиссиясының төрағасы Нұрлан Әбдіров айтты. Ертеңгі саяси науқанды байқауға 12 халықаралық ұйым мен 41 елден 793 байқаушы қатыспақ.

Бұл Мәжіліс пен мәслихат депуттаттарының сайлауы бұрынғысынан өзгерек. «Халық қалаулысы» атанғысы келген кандидаттар партиялық тізім мен бір мандаттық округтер бойынша сайлауға түседі. Науқан барысын тек қазақстандық қана емес шет елдердің байқаушылар бақылайды. Бүгін Орталық сайлау комиссиясының мүшелері 16 мемлекеттің орталық сайлау органдарының өкілдерімен кездесті. Оларға науқанның ерекшелігі, сайлау заңнамасындағы реформалардың іске асырылу барысы, сондай-ақ кандидаттарды және саяси партиялардың партиялық тізімдерін тіркеу қорытындылары туралы мәлімет берді.

Николай Булаев, РФ Орталық сайлау комиссиясы төрағасының орынбасары:

Біз сайлау учаскелерінде болдық. Мені таңқалдырғаны өзін-өзі ұсынған үміткерлер көп екен. Бір округте 40-тан астам адам. Әрине, бұл өте ерекше жағдай. Менің ойымша, сайлаушылардың ертең дауыс беру кезінде белсенділігі жоғары болады.

Байқаушылардың ішінде Ислам ынтымақтастығы ұйымының делегациясы сайлау процесін байқауға бірінші рет қатысып отыр. Нұрлан Әбдіров, халықаралық байқаушыларға шақыртуды қабыл алып, саяси үдеріске мониторинг жүргізу үшін келгендері үшін алғысы айтты.

Сэид Шейх Сэид Хассан Шариф, ИЫҰ бас хатшылығы саяси департаментінің елшісі:

Қазақстандағы Парламент сайлауына қатысу біз үшін үлкен мәртебе. Біздің осы айтулы шараға қатысуымыз біздің ұйымымыздың Қазақстанға қолдауы деп түсінуге болады. Қолымыздан келген бүкіл көмегімізді аямайтын боламыз. Делегация құрамындағы барлық мамандар өте білікті. Олар Астанадағы және елдің бірнеше өңіріндегі сайлау учаскелерінде жұмыс істейді.

Аккредиттелген байқаушылардың 60-тан астамы Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығының Парламентаралық Ассамблеясы миссиясының мүшесі. Олар сайлау кезінде дауыс беру барысын бақылайды. Сарапшылар Қазақстанға келмес бұрын Орталық сайлау комиссиясының сайлау алдындағы барлық жұмысымен танысып шыққан.

Дмитрий Кобицкий, ТМД елдерінің Парламентаралық Ассамблеясы кеңесінің бас хатшысы:

Барлығы демократиялық нормаларға және Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығындағы демократиялық сайлау стандарттары туралы конвенцияға сәйкес келеді. Атап айтқанда, кандидаттарды ұсыну, жергілікті байқаушыларды аккредиттеу, сайлау қорларын қалыптастыру мәселелері толығымен анық.

Сонымен Орталық сайлау комиссиясы да, шетелдерден келген байқаушыларда саяси науқанға сақадай сай. Байқаушылар ертең өңірлердегі бірқатар сайлау учаскелерін араламақ. Сайлаудың әділ, заң аясында өтуі басты назарда болады дейді.

Асылбек Данияр

Хабарламаларға жазылу