Бүгін түнге сағат он екіде үгіт-насихат науқаны аяқталады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Бүгін түнге сағат он екіде үгіт-насихат науқаны аяқталады

17.03.2023

Бүгін түнге сағат он екіде үгіт-насихат науқаны аяқталады. Ертең тыныштық күні. Бір айға жуық уақыт сайлауға түсетін партия өкілдері халық арасында сайлауалды бағдарламасын таныстырып, қордаланған мәселелеріне қанықты. Қызу пікірталас болып, уәде де берілді. Ел аралаған кандидаттар сайлаушылармен кездесуін қорытындылады.

Елордада 3000-ға жуық адамның қатысуымен «AMANAT» партиясы форум өткізді. Саяси ұйым Төрағасы Ерлан Қошанов үгіт-насихат кезеңіндегі қажырлы еңбегі үшін партияластарына алғыс айтып, жастар қанатының жасампаздығы мен белсенділігін ерекше атап өтті. Бір айдың ішінде республикалық штаб мүшелері 30 мың кездесу өткізіп, 4 миллионнан астам адамды қамтыған.

Ерлан Қошанов, «Amanat» партиясының төрағасы:
Ел тағдыры сынға түскен уақытта Президентіміз табандылықпен тарихи шешімдер қабылдады. Былтырғы жалпыхалықтық референдум мен Президент сайлауы елді де қоғамды да түбегейлі өзгертті.
Мемлекеттік саясатты нығайту және ел бірлігін арттыру орны болған қасиетті Мәртөбеде «Ауыл» халықтық демократиялық патриоттық партиясы сайлауалды үгіт-насихат жұмыстарын жүргізді. Кандидаттар саяси ұйымның тұғырнамасын түсіндіріп, халықты сайлауға баруға шақырды. Бір ай ішінде партияның ұйытқы болуымен 5 мыңнан астам кездесу өткізілді. Оған 800 мыңға жуық тұрғын қатысты.

Әли Бектаев, «Ауыл» ХДП партиясының төрағасы:
Қазақстан халқы қазір әділетті, ашық мемлекетті құруға бет алған. Сондықтан алдағы сайлау біздің еліміздің болашағы үшін өте үлкен маңызды шара болады деп есептейміз. Сайлаудан кейінгі өмірде де Қазақстан болашағы өте зор болады деп ойлаймын.
«Respublica» партиясы үгіт-насихат жұмыстарын Ұлытау облысында аяқтады. Партия өкілдері жергілікті тұрғындармен жүздесіп, өздерінің сайлауалды бағдарламаларын таныстырды. Саяси науқанның маңызын түсіндіріп, жиылған қауымды белсенділік танытуға шақырды. Сондай-ақ партия жетекшілері атқарған жұмыстарының қортындысын жасап, халықтың көп жағдайда қандай мәселелерге жолығатынын талқылады. Оның ішінде: әлеуметтік жағдай мен жалақының аздығы, балабақша тапшылығы, жұмысшылар құқығы сынды. Басқосуда облыстағы белсенді ақсақалдар да төбе көрсетті. Республикалықтармен ой бөлісіп, пікір алмасты.

«Қазақстан халық» партиясының үгіт-насихат тобы «Ақмола электр желілері» кәсіпорнының ұжымымен кездесті. Мұндағы жиын – халық партиясының тұғырнамасын түсіндіруге арналған соңғы іс-шарасы. Кандидаттар жалпы бір ай ішінде еліміз бойынша сайлаушылармен 3,5 мың кездесу өткізген. Штаб мүшелері барлық өңірді аралады. Алдағы сайлауға партиядан мәжіліс депутаттығынан 66 кандидат түседі.

Ермұхамет Ертісбаев, «Қазақстан халық партиясы» ҚБ төрағасы:
Осы бір айдың ішінде біз үлкен жұмыс атқардық. Мен өз аппаратымды, өңірлердегі партияластарды мақтан тұтамын. Саяси науқан алдындағы насихат жұмыстарын өткізуге ешқандай кедергі, атқарушы биліктің араласуы болған жоқ. Біз өз жұмысымызды еркін атқардық.
«Байтақ» партиясы өз бағдарламасына барлық өңірдің халқы көтерген мәселелерді енгізеді. Бұл туралы бүгін өткен баспасөз конференциясында айтылды. Бұдан бөлек, пікірталастарда айтылған қарсыластардың сындарлы ұсыныстарын назарға алып, саяси ұйым аппараты осы бағыттағы шараларды күшейтуді көздеп отыр. Барлығын партияның келесі съезіне шығару жоспарлануда.

Азаматхан Әміртаев, «Байтақ» жасылдар партиясының төрағасы:
Үгіт-насихат жұмыстарын сайлау науқанында жүргіздік.15 мың арнайы кездесу өтті. Үш жарым мың үлкен жиналыстар өтті халықпен. Болашақта, осы жақын арада партиямыздың съезі өткен кезде біз жаңағы бағдарламамызды бекітеміз.
«Ақ Жол» демократиялық партиясының кандидаттары үгіт-насихат науқанының соңғы күнінде киелі Түркістанға барды. Мұнан соң жергілікті халықпен кездесу өтіп, саяси ұйымның бағдарламасы таныстырылды. Мұндағы жұрт мазалаған сұрақтарын қойып жауап алды. Саяси науқан аясында «Ақ жол» демократиялық партиясы барлық облыс пен қаланы араласап, 11 мыңнан аса кездесу өткізді.

Азат Перуашев, «Ақ жол» демократиялық партиясының төрағасы:
Бүгін «Ақ жоқ» демпартиясының республикалық штабтың мүшелері киелі Түркістан жеріне келіп отырмыз. Біз осы сайлау алды науқанымызды ең алғашқы күн Жошы ханның басына барып Қазақ хандығының арғы атасының басына барып Құран бағыштадық.
Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясынан депутаттыққа кандидаттар сайлауалды науқан барысында атқарған жұмысын қорытындылады. Саяси ұйым төрағасы Асхат Рахымжановтың айтуынша, бірлестіктің үгіт-насихат жұмыстары еліміздің барлық өңірінде жүргізілді. Аймақтық штабтар жұмысын тоқтатқан жоқ. Партия белсенділері елді мекендерді түгел аралап, тұрғындармен кездесті

Асхат Рахымжанов, Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясының төрағасы:
Үгіт-насихат кезеңін түйіндедік. Науқан уақытында бірқатар жұмыс атқарылды. Бейбіт митинг, автошеру мен онлайн-кездесулер ұйымдастырдық.
Асылбек Данияр

Хабарламаларға жазылу