Сайлау - 2023: Ертең үгіт-насихат науқаны аяқталады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Сайлау - 2023: Ертең үгіт-насихат науқаны аяқталады

16.03.2023

Ертең түнгі сағат он екіде үгіт-насихат науқаны аяқталады. Ал, сайлауға қатысатын 7 партия өкілдерінің тұрғындармен кездесуі жалғасуда. Олар жұртшылықты алаңдатқан мәселелер мен елдің талап-тілегін тыңдап жүр.

«Amanat» партиясының республикалық сайлауалды штабының мүшелері Ақтөбе жұртшылығымен кездесті. 300-ден аса адам қатысқан жиында тұрғын үйге қолжетімділік, сапалы білім беру, инфрақұрылым және жол жөндеу секілді мәселелер көтерілді. Одан соң, саяси ұйым өкілдері арнайы киім шығаратын кәсіпорынға барып, еңбек ұжымымен тілдесті. Жұмысшылар салада маман жетіспеушілігі және тұрақты түрде ұзақ мерзімді тапсырыстардың болмауы сияқты бірқатар проблема барын айтты.

Жетісу облысының Панфилов ауданында шаруалар бас қосты. Жаркентте өткен жиынға орман және мал шаруашылығымен айналысатын фермерлер мен диқандар қатысты. Онда елді мекендерде шаруа қожалықтарын дамыту, қолжетімді несие алу және ауылдық жерлерді көркейту амалдары талқыланды. Шараның өтуіне «Ауыл» халықтық демократиялық патриоттық партиясы ұйытқы болды. Кандидаттар сайлауалды үгіт-насихат жұмыстарын жүргізіп, сайлауға қатысуға шақырды.

«Respublic»a партиясының жетекшілері қатарға кірген жаңа жақтастарымен телефон арқылы жеке-жеке сөйлесті. Оларды қызықтырған сауалдарға жауап беріп, өз тұғырнамаларын таныстырды. Партияның call орталығы күнделікті жұмыс істейді. Операторлар жан-жақтан түскен қоңырауларға жауап беріп, азаматтарға қатарға қосылу жолдарын, тағы басқа қызыққан сұрақтарына жол сілтейді. Айта кетейік, саяси додаға партия атынан 23 үміткер мәжіліс, 159-ы мәслихат депутаттығына ұсынылған.

Қазақстан халық партиясының республикалық үгіт-насихат штабы Алматы облысына барды. Кезекті шара Қонаев қаласындағы көпсалалы ауруханада өтті. Мұнда ересектер мен балалар бөлімі және перзентхана бар. Олар қаладағы 74 мыңдай тұрғынға медициналық көмек көрсетеді. Кандидаттар мекеменің қазіргі жай-күйімен танысып, ұжымымен пікір алмасты. Мұнда қазір 600 адам жұмыс істейді. Қоғамдық ұйым мүшелері дәрігерлерге өздерінің тұғырнамасын түсіндіріп, талап-тілектерін тыңдады.

«Байтақ» жасылдар партиясы сайлаушыларымен кездесулерін жалғастырып жатыр. Бүгін партия белсенділері жас жазушы Жәмиля Бахтиярқызының студенттермен кездесуін ұйымдастырды. Он жыл өмір үшін күрескен қаламгер «Бәйшешек» кітабындағы мотивациялық ойларымен бөлісті. Ал Байтақ өкілдері жастарға денсаулықтың маңызын түсіндірді. Сонымен қатар, келушілерге саяси ұйымның сайлауалды бағдарламасы таныстырылып, оларды қызықтырған сауалдарына жауап берді.

«Ақ жол» партиясының үгіт-насихат жұмысы бүгін автошеру өткізумен жалғасты. Еліміздің барлық өңірінде автокөліктер легі саяси ұйымның туын алып, қаланың басты көшелерімен жүріп өтті. Партия белсенділері саяси науқан уақытында осы шараны дәстүрлі өткізіп тұрады. Бұдан бөлек, партия мүшелері Шымкентте де іс-шара өткізді. «Қасірет» мемориалына гүл қойып, патриоттық әндер шырқалып, үгіт парақшалары таратылды. Қала тұрғындарына саяси науқанның мән-маңызы түсіндірілді.

«Жалпыұлттық социал-демократиялық» партиясының мүшелері Алматыдағы жеке меншік компанияның еңбек ұжымымен кездесті. Санитарлық-гигиеналық қағаз өнімдерін шығаратын бұл кәсіпорында 300-ден астам адам жұмыс істейді. Жиынға жүзге жуық азамат қатысты. Депутаттыққа кандидаттар партияның сайлауалды бағдарламасын түсіндірді. Ал кәсіпорын еңбеккерлері медицина, білім салалары және тұрғындарды баспанамен қамтамасыз ету мәселелері бойынша сұрақ қойып, жауап алды.

Асылбек Данияр


Хабарламаларға жазылу