Сайлау - 2023: Үгіт-насихат науқаны 2 күннен кейін аяқталады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Сайлау - 2023: Үгіт-насихат науқаны 2 күннен кейін аяқталады

15.03.2023

Үгіт-насихат науқаны 2 күннен кейін аяқталады. Сайлау осы аптаның жексенбісінде өтеді. Уақыт таяған сайын депутатыққа кандидаттар жұмысын күшейте түсті. Ел аймақтарын аралап, сайлаушылардың талап-тілегін тыңдап жүр.

«Amanat» партиясының Республикалық сайлауалды штабының мүшелері Батыс Қазақстан облысына барды. Орал қаласындағы этномәдени бірлестіктердің өкілдерімен кездесіп, партияның сайлауалды бағдарламасын түсіндірді. Жиналғандар көкейдегі сұрақтарын қойды. Сондай-ақ, жиында еңбек адамын қолдау және әлеуметтік мәселелер көтерілді.

Павел Казанцев, «Amanat» партиясының мүшесі:

Президент жүктеген тапсырмаларды жүзеге асыру бойынша жұмыс істеуіміз керек. Соның бірі саяси рефораларды жүзеге асыру. Қасым-Жомарт Тоқаев бұл сайлау билік тармақтарының барлық деңгейіне айтарлықтай ықпал ететінін айтқан еді.

Шымкент қаласында мыңға жуық әйел бас қосты. Наурыз мейрамы қарсаңындағы ауқымды жиынға ақжаулықты аналар мен қыз-келіншектер қатысты. Шараға «Ауыл» партиясы және «Қазақ аналары - дәстүрге жол» бірлестігі ұйытқы болды. Саяси ұйым өкілдері сайлауалды үгіт-насихат жұмыстарын жүргізіп, партияның тұғырнамасын талқылады.

Айнұр Жүгінісова, «Қазақ аналары - дәстүрге жол» РҚБ жетекшісі:

Осы үлкен аналар конгресін өткізіп жатырмыз. Өздеріңіз көріп отырсыздар. Ол қуанышты жайт әрине. Өйткені ауыл деген кезде елең етпейтін қазақ жоқ. Қазір кеттік десе, ауылға кетіп қалатындай жағдайда тұрмыз.

Ал «Respublica» партиясы Астанада мета-форум ұйымдастырып, виртуалды әлемнің мүмкіншіліктері жайын талқылады. Басқосуға отандық IT саласындағы үздіктер мен осы мамандықта оқитын студенттер қатысты. Партия жетекшілері ашық диалог алаңын құрып, ақпараттық технологиялар бағытын дамыту, білім беру, денсаулық сақтау жайында дискуссия өткізді.

Айдарбек Қожаназаров, «Respublica» партиясының төрағасы:

Бүкіл IT саласында жұмыс істеп жүрген қызметкерлер, кәсіпкерлер жиналып, өздерінің ұсыныстарын көрсетіп, айтып жатыр. Біз тыңдап жатырмыз, және қай бағытта осы саланың дамуына үлес қосатынымыз жайында талқылаулар болды.

«Қазақстан халық» партиясы өз үгіт-насихат жұмысын Жетісу облысында жалғастыруда. Бұл жолы кандидаттар Талдықорғандағы тіл сарайының ұжымымен кездесті. Саяси ұйым мүшелері орталық қызметкерлеріне партия бағдарламасын түсіндірді. Тұрғындар қаладағы өзекті мәселелер көтеріліп, оны шешу бойынша пікір алмасты.

Сәнболат Солтанмахмет, «Қазақстан халық партиясы» ҚБ мүшесі:

Алыс аудан Алакөл ауданында болдық, Ақсу ауданында болдық. Бізде жан саны көп ірі қалалардың бірі Текелі қаласында кездесулер өткіздік. Осылайша облыстың бүкіл аумағын қамтып халық партиясының бағдарламасын түсіндірдік.

«Байтақ» жасылдар партиясының республикалық штабының өкілдері «Ақсу-Жабағылы» мемлекеттік қорығында болды. Еңбек ұжымымен кездесіп, сайлауалды бағдарламасымен таныстырды. Электараттың сұрақтарға жауап беріп, талап-тілегіне құлақ түрді. Санаулы күн қалған саяси науқанның маңыздылығы кеңінен түсіндірілді.

Қайрат Айтбай, «Байтақ» жасылдар партиясы республикалық штабының басшысы:

Елді мекен тұрғындарымен сөйлесіп олармен партиямыздың «Байтақ» жасылдар партиясының бағдарламасын түсіндіріп бердік. Олар қызықтырған сұрақтарын қойып жатыр. Сол сұрақтарға толыққанды жауап беруге тырысып жатырмыз.

«Ақ жол» демократиялық партиясының үгіт-насихат жұмыстары жалғасып жатыр. Бүгін Елорда тұрғындарының көптеп шоғырланатын орындарында парақшаларын таратып, халықпен тілдесті. Сайлаушыларға сайлауалды бағдарламасын түсіндірді. Еліміздің барлық өңірінде саяси ұйымның үгіт-насихат жұмысы қарқынды жүріп жатыр.

Аяулым Мұқашева, «Ақ жол» демократиялық партиясының штаб мүшесі:

Сайлаудың аяқталуына санаулы күндер ғана қалды. Сондықтан да үгіт насихат жұмыстары қарқынды жүріп жатыр. Бүгін біздің партиямыздың белсенділері қала тұрғындарына үгіт-насихат материалдарын таратып партияның бағдарламасы жөнінде қысқаша айтып берді.

«Жалпыұлттық социал-демократиялық» партиясынан депутаттыққа кандидаттар Атыраудағы «Қаз Транс Ойл» еңбек ұжымымен кездесті. Саяси ұйым мүшелері сайлауалды бағдарламасын таныстырып, партияның негізгі ұстанымын түсіндірді. Кәсіпорын еңбеккерлері экология, білім және медицина саласы бойынша сұрақ қойып, жауап алды.

Нұрайнаш Камалова, «Жалпыұлттық социал-демократиялық» партиясы Атырау облыстық штабының басшысы:

Мұндай кездесулер бұған дейін де бірнеше еңбек коллективтерінде өткізген болатынбыз. Сонымен қатар облыс бойынша агитпоезд жұмысы аясында біздер осы Атырау өңірінің барлық ауданында болдық.

Асылбек Данияр


Хабарламаларға жазылу