Түркия Ресейге жіберілетін санкциялық тауарлардың транзитіне шектеу қойды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Түркия Ресейге жіберілетін санкциялық тауарлардың транзитіне шектеу қойды

12.03.2023

Түркиядағы президент пен парламент депутаттарын сайлау ақыры 14 мамырда өтеді. Режеп Тайып Ердоған тиісті Жарлыққа қол қойған. Бұған дейін алапат зілзалалардың зардабы ауыр болғандықтан, саяси дода кейінге шегерілуі мүмкін деп талқыланған еді.

Түркияға қатысты тағы бір маңызды жаңалық: осы апта Анадолы елі Ресейге жіберілетін санкциялық тауарлардың транзитіне шектеу қойды. Түркиялық бизнесмендер мұны ЕуроОдақ тарапынан жасалған қысыммен байланыстырып отыр. 

Ресейге салынған санкциялардың саны 12 мыңнан асты. Іргелес елдің экономикасы ауыр соққы алды. Ірі қаржы институттары банкротқа ұшырады. Оған тауар айналымының тежелуі, импорт пен экспортқа шектеу, халықаралық SWIFT жүйесінен ажыратылуы себеп. Мамандар Ресей үшін бұл жыл 2008 жылғы дағдарыстан да ауыр болатынын айтады. Қордағы 630 млрд доллардың 56 пайызы бұғатталған. Ал елдегі банктер 2022 жылды төмен көрсеткішпен аяқтады. Түсім 200 млрд рубльден әрең асқан. Жаңа шектеулер ел экономикасына қалай әсер етіп жатыр, үкімет дағдарысқа қарсы қандай шаралар қабылдады?

Индира Бегайдар, тілші:

Санкция құрсауында қалған Ресейде бюджет тапшылығы рекордтық 2 триллион рубльге жетті. Бюджет тапшылығын жабу үшін Қаржы министрлігі ұлттық әл-ауқат қорынан 4 тоннаға жуық алтын, 2 миллиард юань сатты. Бірқатар ел параллельді импорттан бас тартқандықтан, экономика құлдырап, жалпы ішкі өнім тағы төмендейді дейді сарапшылар.

Дмитрий Журавлев, Аймақтық мәселелер институтының бас директоры:

Өнеркәсіптік өндіріс тоқырады. Параллельді импорт тоқтап қалса, импортты үшінші елдер арқылы жүргіземіз. Бұл тағы қымбатшылыққа алып келеді. Дәрі-дәрмек мәселесі қиын болып тұр. Себебі Ресей дәріге қажетті барлық компонентті шет елден алатын. Осыған дейін Батыс елдерінен тасымалдаған өнімдерді өзімізде өндіру үшін 120 саланы жандандыру керек. Себебі елде технология жолға қойылмаған. Импортқа тәуелдіміз, оны мойындаукерек.

Қымбатшылық та қос бүйірден қысыптұр. Ал экономикалық шектеулер денсаулық, логистика, көлік және әуе салаларына айтарлықтай әсер етті. Мәселен, Ресейдегі әуе компаниялардың паркіндегі ұшақтың 90 пайызы шетелде тіркелген екен. Өзге мемлекеттермен алыс-беріс үзілгелі ұшақ та, оны жөндейтін құрал-сайман да жетпей жатыр. Отандық машина жасаушылар қауіпсіздік жастығы жоқ, навигация жүйесі орнатылмаған көлік шығаруда. Өйткені құрамдас бөліктердің бәрі Еуропадан жеткізілетін. Бұдан былай елге 300 доллардан қымбат телефон кіргізуге болмайды. Жалпы соңғы жарты жылда дүкендерде техника тапшы. Санкциялардың салдарынан қарапайым тұрғындар жапа шегуде. Экономистер шектеулердің салдарымен күреске кем дегенде 10 жыл кететінін айтады.

Индира Бегайдар

Хабарламаларға жазылу