Басты Жаңалықтар «Gold‘n Рахат» фильмі көрерменге жол тартты

«Gold‘n Рахат» фильмі көрерменге жол тартты

Әлеуметтік сатираға негізделген «Gold ‘n Рахат» фильмі көрерменге жол тартты. Күлкі мен шындық тоғысқан бұл туынды билік пен байлыққа тәуелді адамдардың ішкі әлемін ашады. Фильмнің кей оқиғалары елімізде, көп бөлігі Түркияда түсірілген.

Фильмде байлық пен менмендікке берілуінің салдарынан адамдықтан алшақтаған алтын иегері Рахаттың шытырман оқиғалары баяндалады. Өмірін ойын-сауық пен тәуекелге арнаған ол өзіне ерекше әсер сыйлау үшін киллер қызметін жалдайды. Алайда бұл шешім күтпеген оқиғаларға әкеп соқтырады. Киллердің рөлін көркем сомдаған талантты актер Олжас Тоғымбеттің суық, салмақты көзқарасы көрерменге ерекше әсер қалдырады.

Олжас Тоғымбет, актер:

Киноның басынан аяғына дейін сөз жоқ, бірақ тірлікпен көрсететін персонаж. Кинодан алатын нәрсе көп, біздің өмірдегі, біздің қоғамда болып жатқан жағдайларды көрсеткенбіз.

Басты рөлдегі байдың бейнесін шынайы жеткізген актер Нұрболхан Шарапов, бұл фильм менің каскадерлік қырымды аша түсті, жаңа рөлдерге деген мүмкіндігімді кеңейтіп, сахнада өзімді еркін сезінуге жол ашты, дейді.

Нұрболхан Шарапов, актер:

Экшн, атыс-шабыс, төбелес болғаннан кейін. Сондай бір фильмдерге ұсыныс келгеннен кейін, қабылдауға тура келді. «Номад» тек қана Қазақстанда емес, әлемде аты шыққан каскадерлер тобы ғой. Солармен жұмыс істеу маған өте абырой болды.

Туындының режиссері – Нұрғиса Әлмұрат. Жас талант көрерменді әр кадр арқылы терең эмоция мен шиеленіске жетелеуге тырыстым, дейді.

Нұрғиса Әлмұрат, режиссер:

Продюсерлеріміз комедия деп айтты. Сәл жеңіл, бірақ, тәрбиелік мағынасы бар тұрғыда комедия тапсырмасы болды. Соған орай осы фильмнің идеясы жазылды.

 «Gold ‘nРахат» - байлық пен тәуекел, адамдық пен алдау арасындағы күрделі қарым-қатынасты көрсететін шытырман оқиғалы фильм. Комедияда ішкі сезім мен тағдыр сыналады, адамдық зерделенеді, - дейді шығармашылық топ.

 

Бөлісу