Отандық дәрі-дәрмектің үлесі артады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Отандық дәрі-дәрмектің үлесі артады

11.03.2023

Отандық дәрі-дәрмектің үлесін 50 пайызға жеткізу керек. Бұл туралы Президенттің сайлауалды бағдарламасын іске асыру жөніндегі республикалық штабтың отырысында айтылды. Премьер-Министрдің төрағалығымен өткен жиында ауылдағы медициналық көмектің сапасын арттыру жайы да сөз болды. Осы мақсатта «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы бекітілген. Оның аясында 655 алғашқы медициналық-санитарлық көмек нысанын салу жоспарланған.

Үкімет басшысы мұны уақытылы іске асыру үшін құрылыс учаскелеріне дейін инженерлік коммуникациялар мен жолдарды жедел жүргізу, мердігерлермен шарттар жасасу керектігін айтты. Сондай-ақ емдеу мекемелерін тиісті мамандармен қамту, оларға әлеуметтік қолдау пакетін ұсыну қажет. Елімізде өндірілген дәрі-дәрмектің ішкі нарықтағы үлесін 50%-ға дейін жеткізу жолдары да қаралды.

Әлихан Смайылов, ҚР Премьер-Министрі:

Елде соңғы бірнеше жылда фармоцевтика саласы орнықты өсіп келеді. Шығарылатын препараттар саны мен көлемі жағынан арта түсуде. Бірақ олардың үлесі әлі де жеткіліксіз. Қазір небәрі 28 пайыз. Яғни, біз дәрі-дәрмек өндірісін жыл сайын тұрақты түрде өсіруіміз керек. Бұл шаралар ішкі нарықты отандық өндірістегі дәрі-дәрмектің үлесін 50 процентке жеткізу жөніндегі жол картасында көрсетілуі тиіс.

Серік Селеубай

Хабарламаларға жазылу