Сайлау-2023: Үгіт-насихат науқаны аяқталуға жақын - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Сайлау-2023: Үгіт-насихат науқаны аяқталуға жақын

11.03.2023

Мәжіліс пен мәслихат депутаттары сайлауына қатысатын 7 партия үгіт-насихат жұмыстарын жалғастырып келеді Саяси ұйым өкілдері аймақтарда еркін форматтағы кездесулер өткізіп, жұртты алаңдатқан мәселелерді тыңдап жүр.

«AMANAT» партиясының үміткерлері Алматыға барды. Мегаполистің тұрғындарымен, ғалымдармен және жастармен кездесу өткізді. Партияның сайлауалды бағдарламасын таныстырып, ғылымдағы шешілмей келе жатқан мәселелерді талқылады. Ал Жетісу ауданының тұрғындарымен кездесуде әлеуметтік нысандарды жаңарту, тұрғын үймен қамтамасыз ету шаралары сөз болды. Одан бөлек, студенттердің жатақхана тапшылығы жайы да көтерілді.

Ерлан Қошанов, «Amanat» партиясының төрағасы:

Өңірлерде үлкен ғылыми әлеует бар. Ғалымдар бірегей қолданбалы шешімдер ойлап тауып жатыр. Солай бола тұра, жергілікті өндірушілер шетелдік әзірлемелер мен технологияларды пайдалануда.

«Ауыл» партиясы Алматы қаласындағы саябақтардың бірінде бейбіт шеру өткізді. Шараға кандидаттар мен шаруалар қатысты. Саяси ұйым өкілдері сайлауалды үгіт-насихат жұмыстарын жүргізіп, партияның тұғырнамасын таныстырды. Агросаладағы түйткілдерді шешу жолдарын талқылады. Мұның алдында делегацияның жұмыс сапары еліміздің батысы мен шығысында және солтүстігі мен оңтүстігінде өткен еді. Осы күнге дейін 3 мыңнан астам кездесу ұйымдастырылды.

Біржан Медеуов, «Ауыл» ХДП партиясының мүшесі:

Бұл жолғы сайлаудан күтеріміз көп. Неге десеңіз, халықтың санасы өзгерді. Халықтың көзі ашылды. Яғни жастар сайлауға не үшін бару керектігін біледі.

«Respublica» партиясы да бүгін Алматыда бейбіт митинг ұйымдастырды. Қала орталығында өткен шеруге келгендердің басым бөлігі жастар. Мінберге шығып сөз алған саяси ұйым мүшелері қоғамда болып жатқан жағдайларды ашық баяндап, өздерінің тың ұсыныстарын ортаға салды. Сайлауалды бағдарламаларын таныстырып, тұрғындардың пікірін тыңдады. Жиналғандардың көпшілігі өңірдегі инфрақұрылым мен жолдардың жағдайына көңілдері толмайтынын жеткізді.

Айтуар Қошмамбетов, «Respublica» партиясы Алматы қалалық филиалының төрағасы:

Бүгін көтеретін мәселеміз - жастар мәселесі. Болашақ білім беру мәселесі. Денсаулық мәселесі және осы айтылғандарды орындау жайы болып отыр.

«Қазақстан халық партиясының» өкілдері Атыраудағы нан фабрикаларының бірінде болды. Кәсіпорын алғашында тек нан және нан өнімдерін шығарумен айналысқан. Кейіннен қалбырдағы ет, макарон, ұн өндірісін жолға қойды. Мұнда 500-ден астам адам еңбек етеді. Кандидаттар өндіріс барысымен танысып, жұмысшыларға сайлауалды бағдарламасындағы басты бағыттарын түсіндірді. Зауыттағы мамандардың да ой-пікірін тыңдап, сұрақтарына жауап берді.

Людмила Кубентаева, «Қазақстан халық партиясы» ҚБ мүшесі:

Мұғалім, дәрігерлермен кездестік. Ауылшаруашылығы жұмысшыларымен кездестік. Сонымен бірге сауда орындарында. Сайлаушылар барлығын ортаға салып өздерінің сауалдарын жолдап жатыр.

«Байтақ» жасылдар партиясы Астанада экомарофон ұйымдастырды. Ботаникалық саябақтағы іс-шараға саяси ұйым басшылығы мен белсенділер және спорт жанкүйерлері қатысты. Марафонға қатысушылар шама-шарқына қарай 2 жарым шақырымнан 5 шақырымға дейін қашықтықты бағындырды. Одан кейін партия өкілдері жиналғандарға сайлауалды бағдарламаның негізгі бағыттарымен таныстырып, елде жүргізіліп жатқан реформа төңірегінде ой-пікірлерімен бөлісті.

Азаматхан Әміртай, «Байтақ» жасылдар партиясының төрағасы:

Жүз жақты адам қатысты. Негізгі біздің мақсатымыз осындай қоғамдық жұмыстарды жиі жасау. Спортқа, адамның денсаулығына көп көңіл бөлуіміз керек.

«Ақ жол» демократиялық партиясының үгіт-насихат жұмысы Петропавлда жалғасты. Кандидаттар жергілікті кәсіпкерлермен кездесіп, сайлауалды тұғырнамасын таныстырды. Өңірдегі бизнесті дамыту жайы талқыланды. Жалпы ел ішіндегі өзекті мәселелер ортаға салынып, оны шешу жолдары айтылды. Штаб мүшелері аймақтағы электротехникалық зауыт пен сүт өндіретін өндіріс орталығында болды. Кәсіпорын жұмысшыларымен әңгімелесіп, олардың талап-тілектері мен ұсыныстарын тыңдады. Кездесуде партияның алдағы жоспары баяндалды. Жалпы партия өкілдері мен жиналғандар алдағы саяси науқанның маңызына тоқталды.

Ал Астанада бүгін Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясы мүшелерінің ұйымдастыруымен бейбіт митинг өтті. Шараға 100-ге жуық азамат қатысты. Олар жемқорлықпен күрес мәселесін көтерді. Осылайша шеруге жиылғандар алаңда орнатылған микрофонға келіп, өздерін алаңдатқан проблемаларды айтуға мүмкіндік алды. Партия өкілдері қатысушылармен диалог құрып, сұрақтарына жауап берді. Жалпы депутаттыққа кандидаттар сайлауалды бағдарламасы төңірегінде 500-ден астам іс-шара өткізген.

Мақсұт Насибулов, «Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясының» мүшесі:

Біздің бүгінгі бейбіт митингке көпбалалы отбасылардың аналары, ауыл тұрғындары, жұмыскерлер, жастар, қала тұрғындары келді. Ашық микрофон. Барлық сөз айтам деуші азаматтарға сөз берілді.

Асылбек Данияр


Хабарламаларға жазылу