Парламент Мәжілісі мен мәслихат депутаттары сайлауына небәрі 9 күн қалды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Парламент Мәжілісі мен мәслихат депутаттары сайлауына небәрі 9 күн қалды

10.03.2023

Парламент Мәжілісі мен мәслихат депутаттары сайлауына небәрі 9 күн қалды. Саяси аламан жақындаған сайын, сайлауға қатысатын партиялардың арасында бәсекелестік үдей түсті. Олар сайлаушылардың назарын аудару үшін түрлі форматта кездесулер өткізіп жүр.

Қонаев

«AMANAT» партиясының кандидаттары Алматы облысындағы сайлаушылармен кездесті. Қонаев қаласындағы мәдениет үйіне 200-ге жуық тұрғын жиналған. Олар кандидаттарға өздерін толғандыратын мәселелерін айтып, сұрақтарын қойды. Оның ішінде жайылым жердің тапшылығы, жеңілдетілген несиеге қол жеткізу сияқты мәселелер бар. Штаб мүшелері сайлауалды бағдарламасын таныстырып, азаматтардың сауалдарына жауап берді.

Ерлан Қошанов, «Amanat» партиясының төрағасы:

Ел өзгерді, біз де өзгердік. Жалпы, соңғы бір жылдың ішіндегі оқиғалар қоғамды есейтті десе де болады. Кешегі жалпыхалықтық референдум, Президент сайлауы ұлтты ұйыстырып, елді біріктірді. Ең бастысы, халқымыз Мемлекет басшысы қолға алған саяси реформаларды қызу қолдап отыр.

Ақтөбе облысы

Ал, «Ауыл» партиясының ел батысындағы жұмыс сапары әлі жалғасуда. Кандидаттар Қобда ауданындағы «Әлия» патриоттық тәрбие беру орталығына барып, батыр қыздың рухына тағзым етті. Ауданның аграрлық қарқынымен танысып, сайлауалды үгіт-насихат жұмыстарын жүргізді.

БҚО

Одан соң, кандидаттар Оралдағы облыстық ауыл шаруашылығы басқармасында саяси ұйымның тұғырнамасын түсіндірді. Қала іргесіндегі құс фабрикасы мен ет өңдеу цехының жұмысшыларымен жүздесті. «Ауылдықтардың» жұмыс сапары әрі қарай еліміздің оңтүстігінде жалғасады.

Қарағанды облысы

«Respublica» партиясы болса, екі бірдей аймақта үгіт-насихат жұмыстарын жүргізді. Қарағанды облысының халқымен кездескен партия өкілдері оларды алаңдататын мәселелерді тыңдап, өз ойларын ортаға салды. Әлеуметтік жағдайдың әлеуетін арттыру, адам құқығы, мүмкіндгі шектеулі жандарға жасалатын жеңілдік турасында мәселелер көтерілді.

ШҚО

Ал Өскеменге барған «Республикашылар» әуелі жергілікті кәсіпкерлермен кездесу өткізді. Қатысушылар бизнесте кездесетін кедергілерді талқылап, шағын және орта кәсіпті дамытуға арналған бағдарламалар жайында пікір алмасты.

Атырау

Қазақстан Халық партиясының өкілдері Атырау мұнай өңдеу зауытында болды. Қазір мұнда 4 мыңнан астам адам еңбек етеді. Кандидаттар зауыттың бас кеңсесінде болып, олардың бүгінгі тыныс-тіршілігімен танысты және еңбек ұжымымен кездесті. Жиын барысында партиялықтар, өз тұғырнамаларының басым бағыттарына тоқталды.

Гүлсім Биташева, «Қазақстан халық партиясы» ҚБ мүшесі:

Қазақстан халық партиясының үміткерлері тұрғындармен кездесіп өздерінің алға қойған мақсаттарын, партияның бағдарламасын түгелімен таныстырып ауыл-аймақтың бәрін аралап келе жатырмыз. Оның ішінде Индер, Махамбет, Жылыой аудандарына бардық.

Қызылорда облысы

«Байтақ» жасылдар партиясының да өңірлердегі іс-шаралары қыза түскен. Саяси ұйымның Қызылорда облыстық штабы ауыл шаруашылығы бағытындағы өндіріс ошақтарының бірінде болып, еңбек ұжымымен кездесті. Сайлауалды бағдарламаның негізгі бағыттарымен таныстырып, түрлі салада қордаланған мәселелер бойынша пікір алмасты. 2016 жылы құрылған серіктестік күріш өңдеумен және сатумен айналысады. Кәсіпорында 160-тан астам жұмысшы еңбек етеді. Жүздесу барысында жұмысшылар жаңару мен жаңғырту бағытындағы саяси реформа төңірегінде пікір алмасты.

Көкшетау

«Ақ жол» партиясының кандидаттары Көкшетау қаласында жүр. Аймақтағы 1000-нан аса адам жұмыс істейтін ең ірі өндіріс орнын аралады. Жұмысшылармен кездесіп, саяси ұйымның бағдарламасын таныстырды. Партия Төрағасы Азат Перуашев 20 жылдан бері нарықтағы ірі зауыттың болашағы зор екенін айтты. Мұнан соң, кандидаттар ауыл шаруашылық техникасын шығаратын зауытқа барды.

Азат Перуашев, «Ақ жол» демократиялық партиясының төрағасы:

Өндіріске келсек, бұл жерде бұрынғы кезде кейбір зауыттардың жағдайы шын айтсам қуантып жатыр. Себебі бұрынғы кезде екі үш цех қана болатын қазір қарасақ жаңа цехтар, жаңа өндірістер ашылып жатыр, құрылғылар алып келіп оны да салып отыр.

Астана

Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясынан депутаттыққа кандидаттары елорда тұрғындарымен кездесті. Жиылғандардың арасында жастар мен көпбалалы аналар бар. Азаматтар өздерін алаңдатқан проблемалары бойынша сұрақ қойып, жауап алды. Сондай-ақ партия мүшелері сайлауалды бағдарламасын таныстырып, саяси науқанның маңыздылығын түсіндірді. Үгіт-насихат жұмыстары еліміздің барлық өңірінде жалғасып жатыр.

Мақсұт Насибулов, «Жалпыұлттық социал-демократиялық» партиясының мүшесі:

Бүгін 60-70 шақты жастар жиналды, жас отбасылар. Көптеген мазалаған сұрақтары көтерілді. Көптеген жастардың мәселесі көтерілді.

Асылбек Данияр


Хабарламаларға жазылу