Мәжіліс сайлауына 12 күн қалды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Мәжіліс сайлауына 12 күн қалды

07.03.2023

Саяси науқан жақындаған сайын сайлауға түсетін партиялар мен кандидаттардың үгіт-насихат жұмыстары белсенді жүріп жатыр. Өңір-өңірлерді аралап, өз тұғырнамаларын халыққа таныстырып жүр.

«AMANAT» партиясының Республикалық сайлауалды штаб мүшелері Шымкент қаласына барды. Бизнес-қауымдастық өкілдерімен шағын және орта кәсіпкерлікті қолдау мәселелерін талқылады. Одан әрі «Амнаттықтар» «Асар» шағын ауданының тұрғындарымен инфрақұрылымды дамыту және тұрғын үйге қолжетімділікке қатысты өзекті мәселелерді талқылады. Шымкенттіктер жолды, ауладағы алаңдарды жөндеу және көшелерді жарықтандыру мәселелерін көтерді.

«Ауыл» партиясының өкілдері еліміздің шалғай жеріндегі елді мекендерді аралап жүр. Бұл жолы кандидаттар шекараға жақын орналасқан аудандарға басымдық берді. Алатау бөктеріндегі Тұйық, Ақтөбедегі Ойыл мен Оймауыт, Шығыс Қазақстандағы Аршаты және Батыс Қазақстандағы Сайқын мен Жәнібек ауылдары қамтылды. Саяси ұйым өкілдері жергілікті халықтың тұрмыс-тіршілігімен танысып, сайлау туралы ақпарат берді. Су, жол және интернет бойынша түйткілдер бар, дейді тұрғындар.

«Respublica» партиясы өкілдері Павлодар облысына барды. Әуелі облыс орталығына келіп, қала халқымен кездесті. Сайлауалды бағдарламаларын таныстырып, саяси науқанның маңызы жайында сөз қозғады. Жиын барысында аймақтың тыныс-тіршілігі, тұрғын үй құрылысы мен денсаулық сақтау нысандары, сондай-ақ қаланың экономикалық даму қарқыны турасында егжей-тегжейлі талқыланды. Кездесуге жиналғандардың басым бөлігі жастар болды.

Қазақстан Халық партиясының республикалық үгіт-насихат штабы Ақтаудағы нан және тоқаш өнімдерін шығаратын фабрикада болды. Кандидаттар алдымен өндіріс барысын көрді. Партия мүшелері жұмысышылармен тілдесіп тұғырнамасын таныстырды. Олар әлеуметтік салаға қатысты мәселелерді тыңдап, ұсыныстарға құлақ түрді. Сондай-ақ штаб мүшелері мұнайшылар, көпбалалы аналар, кәсіпкерлер, қоғамдық ұйым өкілдері және қала белсенділерімен кездесті.

«Байтақ» жасылдар партиясының басшылығы «Дауыс» қоғамдық байқаушылар коалициясының өкілдерімен кездесті. Жүздесу барысында үгіт-насихат науқанының барысы мен республкалық және өңірлік штабтардың жұмысы туралы айтылды. Бұдан бөлек, партия бағдарламасының негізгі бағыттары таныстырылып, экологиялық мәселелер талқыланды. Тараптар алдағы науқанның маңыздылығы туралы пікір алмасып, елде жүргізіліп жатқан саяси реформалар төңірегінде әңгімелесті.

«Ақжолдықтар» Абай облысына барып, еліміз үшін экономикалық маңызы бар өңірдің өндірістік кешенімен танысты. Сапар барысында партия өкілдері бірқатар жергілікті кәсіпорынды аралап, семейлік кәсіпкерлермен және еңбек ұжымдарымен кездесті. Сайлауалды бағдарламасын түсіндірді. Жұмысшыларды мазалаған сұрақтарды кеңінен талқыланды. Сапар соңында автобустар мен фургондар жиналатын зауытқа барды. Онда 500-ге жуық адам жұмыс істейді. Оларға да саяси науқанының маңызы түсіндірілді.

Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясы мүшелерінің Павлодар облысындағы үгіт-насихат жұмыстары жалғасып жатыр. Депутаттыққа үміткерлер бүгін Екібастұздағы тарихи-өлкетану музейінде болды. Еңбек ұжымымен кездесіп, сайлауалды бағдарламасын түсіндірді. Мұражай қызметкерлері мәдениет саласындағы және өңірдегі бірқатар мәселе бойынша сұрақтарына жауап алды. Павлодар облыстық штабының өкілдері бүгінге дейін 30-дан астам іс-шара өткізген.

Асылбек Данияр


Хабарламаларға жазылу