Қарағанды облысында 40 жыл қоғамдық көлік жүргізген әйел тұрады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қарағанды облысында 40 жыл қоғамдық көлік жүргізген әйел тұрады

06.03.2023

Қарағанды қаласының тұрғыны Мұңсыз Тілегенова жасы алпысқа келсе де әлі күнге автобус жүргізіп жүр. 40 жыл бойына қоғамдық көлікті тізгіндеген бұл кісіні кеншілер шаһарының тұрғындары өте жақсы біледі.

Мұңсыз Тілегенова, қалалық №3 автопарктің жүргізушісі:

Жұмыс деген осы міне көріп тұрсыздар. Таңнан бастаймыз. Салондағы пешін қосамыз. Жаңағы жолаушыларға жылы болсын деп. Бұртиып отырмайсың біреу үшін жұмыс істеп отырғандай. Бұл өзің үшін жұмысың. Күлімсіреп қарсы аламын жолаушыларды.

Мұңсыз Тілегенова Ақтөбе облысының тумасы. Сол өңірде 19 жыл тролейбус жүргізген. Кейін Қарағандыға көшіп келіп автопаркке жұмысқа тұрған. Қазір қаладағы автобус жүргізетін жалғыз әйел адам.

Рахметолла Мақашев, қала тұрғыны:

Осымен үш-төрт рет мініп тұмын бұл кісіге. Ең басында ойлағам мен анадай кісі автобус жүргізе алмайтын шығар деп. Әжептәуір жаста ғой енді. Жақсы жүргізіп жүр.

Нұрзат Ақылбеков, қалалық №3 автопарктің жүргізушісі:

Енді біз өзіміз Марина дейміз, Мұңсыз апай ғой. Ол кісіге қарап үлгі аламыз. Аман-есен осы жерден зейнетке шықсын. Көңіл-күйі жақсы апайдың. Күнде күліп жүреді, жүзінен күлкі кетпейді.

40 жылғы еңбек өтілінде Мұңсыз Тілегенова жұмысына тұрғындардан бірде-бір шағым түспеген. Оның жаны нәзік болғанымен, еңбегі ерлермен тең. Тіпті жұмыста жүріп жарақат алған кезі де болған.

Өз ұжымында сыйлы маман биыл 60 жасқа толды. Автопарктегі басқа көлік жүргізушілері аяулы әріптестерін әр мереке сайын құттықтап, жылы лебіздерін білдіріп тұрады. Өзінің өнегелі еңбегімен және қарапайым да парасатты мінезімен ерекшеленетін Мұңсыз Тілегенованың қала тұрғындары арасында да абырой-беделі жоғары.

Руслан Нұрланұлы


Хабарламаларға жазылу