Үгіт-насихат науқанының аяқталуына санаулы күн қалды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Үгіт-насихат науқанының аяқталуына санаулы күн қалды

06.03.2023

Үгіт-насихат науқанның аяқталуына санаулы күн қалды. Мәжіліс және мәсихат депутатығына кандидаттар ел аймақтарын аралауды жалғастыруда. Тұрғындармен қатар еңбек ұжымдарындағы азаматтардың да мәселесін тыңдап жүр.

Жамбыл облысы

«AMANAT» партиясы сайлауалды штабының мүшелері Жамбыл облысына барды. Кандидаттар көпбалалы аналармен, еңбек ұжымдарымен, шаруалармен және Қаратау қаласының тұрғындарымен кездесті. Жиында жұмыссыздық, коммуналдық инфрақұрылымның тозуы, медицина қызметкерлерінің тапшылығы мәселесі айтылды. Бұдан бөлек, саяси ұйым өкілдері «Қазфосфат» минералды тыңайтқыштар зауытына да барды.

Ерлан Қошанов, «Аmanat» партиясының төрағасы:

Бүгінде әйелдердің ұрпақ тәрбиесіне қосып отырған үлесі де ұшан-теңіз. Сондықтан ана мен балаға айрықша қамқорлық жасау, әлеуметтік инфрақұрылымды дамыту, әйелдер құқығын қорғау – негізгі басымдық болуы тиіс.

Қарағанды облысы

Мәслихаттар мен Мәжіліс депутаттығына «Ауыл» партиясынан ұсынылған кандидаттар бүгін Қарағанды облысына барды. Өңірдегі ұн тарту кешеніне ат басын бұрып, еңбек ұжымымен кездесті. Қордаланған мәселелерді шешу және саланы дамыту жолдарын талқылады. Онан соң, облыс орталығында сайлаушыларымен жүздесіп, бірқатар жиын өткізді. Саяси ұйымның тұғырнамасын түсіндіріп, сайлауалды үгіт-насихат жұмыстарын жүргізді. Делегация мүшелері ертең Ұлытау облысына баруды жоспарлап отыр. Бұдан бөлек, партия өкілдері осы аптада Ақтөбе және Батыс Қазақстан облыстарына бармақ. Айта кеткен жайт, кандидаттар бұған дейін еліміздің оңтүстігі мен солтүстігін және шығысына барды.

Ақмола облысы

«Respublica» партиясының үгіт-насихат жұмыстары Көкшетау қаласында жалғасты. Онда өңірлердегі өнеркәсіптің әлеуетін арттыру жайын талқылады. Әуелі партия өкілдері Көкшетаудағы машина жасау зауытына тоқтап, өз тұғырнамаларын таныстырды. Сайлаудың маңызын түсіндіріп, өзекті мәселелерді талқылады. Ал ауыл шаруашылығын дамыту мәселесі жергілікті шаруалармен кездесуде көтерілді.

Айдарбек Қожаназаров, «Respublica» партиясының төрағасы:

Біз бүгін Көкшетаудамыз. Бұл біздің он үшінші аумағымыз. Анау Жетісу өңірінен бастап, осы солтүстік өңірге келіп тұрмыз. Осы он үш аймақта біз бір миллионнан астам адаммен кездестік. Оның ішінен 153 мың адам «Respublica» партиясының қатарына кіруге өтініш берді.

Ақтау

«Қазақстан халық» партиясының республикалық сайлауалды штаб өкілдері Ақтаудағы темірбетон өнімдерін шығаратын кәсіпорында болды. Кандидаттар зауыттың техникалық мүмкіндігін көріп, өндіріс барысымен танысты және жұмысшылармен тілдесті. Партияның тұғырнама мазмұнын түсіндіріп негізгі бағыттарына тоқталды. Қоғамдық маңызға ие мәселелер бойынша да пікір алмасты.

Рүстем Жұмаев, компанияның бас инженері:

Алдағы өтетін үлкен саяси науқаннан әрбір адам шет қалмауы керек. Сондықтан біздің ұжымымыз халық партиясының өкілдерімен кездесу өткізді. Олардың баяндамаларын тыңдап, әртүрлі сұрақтар беріліп ұсыныстар айтылды.

Алматы

«Байтақ» жасылдар партиясының белсенділері Алматы жастарымен кездесті. Басқосуға саяси ұйым мүшелері, заңгерлер мен саясаттанушылар қатысты. Жүздесу аясында партия бағдарламасының негізгі бағыттары түсіндіріліп, науқанның маңыздылығы айтылды. Жиында қоғамда экологиялық мәдениет қалыптастыру төңірегінде әңгіме айтылып, жастардың ой-пікірлерін тыңдады.

Айнұр Сәбитова, «Байтақ» Жасылдар партиясы саяси кеңесінің мүшесі:

Еркін диалог форматында өткен кездесу нәтижелі болды. Жастар тарапынан көп сұрақ қойылды. Олар тиісті жауаптарын алды. Аға буын мен бүгінгі жастар арасындағы қарым-қатынас осылай жалғаса беруі тиіс деп есептейміз.

«Ақ жол» демократиялық партиясының үгіт-насихат жұмысы Өскеменде жалғасты. Кандидаттар кәсіпкерлермен кездесіп, сайлауалды тұғырнамасын таныстырды. Өңірдегі бизнесті дамыту жайы талқыланды. Жалпы ел ішіндегі өзекті мәселелер ортаға салынып, оны шешу жолдары айтылды. Сондай-ақ штаб мүшелері аймақтағы ірі сүт зауыты мен жылу электр орталығында болды.

Ерлан Сабыров, аймақтық сайлауалды штаб мүшесі:

Бүгінгі Өскемен қаласындағы кездесуге «Ақ жол» демократиялық партиясының орталық аппаратынан жергілікті тұрғындармен кездесу ұйымдастырылды. Бұл кездесуде негізінде кәсіпкерлік және әлеуметтік сала жөніндегі сұрақтар көтерілді.

Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясынан депутаттыққа үміткерлердің сапары Павлодар облысында жалғасты. Олар бүгін Екібастұздағы «Бірінші мемлекеттік аймақтық электр станциясының» еңбек ұжымымен кездесті. Сайлауалды бағдарламасын таныстырып, мекеме жұмысшыларының алаңдатқан мәселелерін тыңдады. Сайлаушылардың сұрақтарына жауап берді.

Ажар Сағандықов, Павлодар облыстық штабының басшысы:

Облысқа қарасты бірнеше қала мен аудан бар. Біз олардың барлығын қамтуға тырысып жатырмыз. Кенжекөл, Ленинский секілді елді мекендердегі халықпен кездесу ұйымдастырдық. Бүгінгі күні Екібастұз қаласындағы бірқатар мекеменің еңбек ұжымымен кездесулер ұйымдастырудамыз.

Асылбек Данияр


Хабарламаларға жазылу