Бүгін үгіт-насихат науқанының он төртінші күні. Парламент мәжілісі мен мәслихаттар сайлауына түсетін кандидаттар арасында саяси дода жақындаған саяси бәсекелестік арта түсті.
Бүгін «AMANAT» партиясының Республикалық сайлауалды штабының мүшелері Қызылорда облысына барды. Әуелі өңірдегі педагогтар мен ғалымдар, шаруалар және спортшылармен кездесу өткізді. Кандидаттар саяси ұйымның сайлауалды бағдарламасын таныстырып, тұрғындардың арыз-шағымына құлақ түрді. Сайлаушылар бірқатар шешілмеген мәселе бар екенін атап өтті. Соның ішінде зертханашылар мен техникалық қызметкерлердің жалақысын көтеру, үш ауысымды мектептерді жою жайы да бар.
Ерлан Қошанов, «Amanat» партиясының төрағасы:
Үш ауысымды және апатты жағдайдағы мектептер, мектепке дейінгі білім беру мекемелердегі орын тапшылығы, мектеп оқушыларының шамадан тыс жүктемесі, ауыл мен қаладағы білім беру сапасындағы теңсіздік мәселелері бар. Еліміздің әрбір тұрғыны сапалы білімге қол жеткізе алуы тиіс.
«Ауыл» партиясы батыс өңірдегі сайлауалды үгіт-насихат жұмыстарын Маңғыстау облысынан бастады. Бүгін кандидаттар Түпқараған ауданына барып, балық өсіретін компания жұмысшыларымен кездесті. Шаруа қожалығы өнімін шет мемлекеттерге де экспорттайды. Саяси ұйым мүшелері сондай ақ Мұнайлы ауданына барып, сайлаушыларымен жүздесті. Фермерлер саладағы мәселерді көтеріп, көкейдегі сұрақтарын қойды. Қуаңшылықтың алдын алу амалдары жайлы пікір алмасты.
Әли Бектаев, «Ауыл» ХДП партиясының төрағасы:
«Ауыл» партиясының өкілдері Қазақстанның барлық өңірінде осындай кездесулер өткізіп жүр. Бүгінгі таңда өңірлердің 80%-дан астамын қамтыдық. 2 мыңнан астам кездесу өткізді. Оған орта есеппен 200 мыңға жуық азаматтар қатысты. Кеше кештетіп Маңғыстауға келдік.
«Respublica» партиясының өкілдері Ақтөбе облысына барды. Әуелі ақсақалдармен кездесіп, өздерінің сайлауалды бағдарламасын таныстырды. Ашық диалог форматында өткен басқосуда қоғамдағы біршама түйіткілді тақырыптар талқыланды. Алқалы жиынға келген үлкендер ауылшаруашылығының әлеуетін жоғарылату керек дейді.
Ал еліміздің батыс өңіріне барған Республикашылар Орал қаласының халқымен кездесіп, мүмкіндігі шектеулі жандардың жағдайын жақсарту тақырыбын көтерді.
Нұрболат Баймұратов, «Respublica» партиясы облыстық филиалының басшысы:
Біздің штаб күнделікті үгіт-насихат жұмыстарын атқарып жатыр. Еліміздің түкпір-түкпірінен әр түрлі мәселелерді көтеріп, хабарласып жатқан жұрт көп. Басым бөлігі әлеуметтік жағдайға қатысты. Бүгін қала халқымен бірнеше кездесулер ұйымдастырылды. Жиынға келушілердің саны мыңға жуықтайды.
Қазақстан халық партиясының өкілдері Алматыдағы құрылыс материалдарын шығаратын кәсіпорынға барды. 70 жылдық тарихы бар компания көпір және су өткелдеріне қажетті темірбетон конструкциялар шығарумен айналысады. Бұл өнімдер елімізбен қатар Ресей, Беларусь және басқа да көрші мемлекеттерде үлкен сұранысқа ие. Партия өкілдері мекеменің техникалық жай-күйін өз көздерімен көріп еңбек ұжымымен тілдесті.
Жаңаби Қожахметов, «Қазақстан халық партиясы» ҚБ мүшесі:
Біздің мақсатымыз қаланың барлық сала өкілдерін қамту. Алдағы жоспарда университет, колледж студенттерімен кездесу, аурухана дәрігерлері медбикелермен кездесу. Осы күнге дейін қалада 10 мыңнан астам халықпен 130-дан астам кездесу өткізілді.
«Байтақ» жасылдар партиясының өкілдері бүгін елордадағы ірі нысандардың бірі – екінші жылу энергия орталығында болды. Республикалық штабтың басшылығы мен саяси құрылым мүшелері еңбек ұжымымен кездесіп, тұғырнаманың басым бағыттарын түсіндірді. Елде жүргізіліп жатқан саяси және экономикалық реформа төңірегінде ой бөлісіп, пікір алмасты. Жүздесу аясында жылу орталығын газдандыру, қоршаған орта, жасыл экономика, жұмысшыларды әлеуметтік қорғауға қатысты ұсыныстар тыңдалды.
Уәлихан Асқарбеков, Жылу орталығының қызмет басшысы:
Өздерінің сайлауалды бағдарламасын толық бізге жеткізді. Біз көкейімізде жүрген сұрақтарды қойдық. Көкейімізде жүрген сұрақтарға толық жауаптарды алдық. Бүгінгі кездесуіміз еркін, ашық өтті деп ойлаймын.
Қызылорда облысы
«Ақ Жол» партиясының кандидаттары қызылордалық кәсіпкерлермен кездесті. Баймұрат батыр атындағы ауыл халқына сайлауалды бағдарламаны түсіндіріп, ұсыныс-пікірлерін тыңдады. Ондағы жергілікті халықтың көбі жеке шаруашылыққа иелік етеді. Мұнан соң, ұйым өкілдері үгіт-насихат жұмысымен Қызылорда қалалық ауруханасына барды. Медицина қызметкерлерімен сөйлесіп, олардың ұсыныстарын тыңдады. Мамандардың сұрақтарына жауап беріп, саяси науқанның мән-мағынасын түсіндірді.
Нұрлыбек Амангелдиев, «Ақ жол» партиясы сайлауалды штабының мүшесі:
Парламент мәжілісіне үміткерлер осы аймағымызға келіп, өзіміздің осы партияның бағдарламасы негізінде құрылған нақты тезистерді түсіндіріп, халықпен кездесіп жатыр. Сондай-ақ кәсіпкерлік субъектілермен оның ұжымдарымен, сол қызметкерлермен кездесіп сауалдарын тыңдап осы сайлауға белсене қатысу туралы маңыздылықтарын түсіндіріп жатыр.
Астана
Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясының республикалық штабындағы жұмыс қарқынды жүріп жатыр. Саяси ұйым мүшелері үгіт-насихат жұмыстарын жалғастыруда. Олар бүгінге дейін түрлі саладағы еңбек ұжымымен қатар, аймақтардағы сайлаушылармен 300-ден астам кездесу ұйымдастырды. Бұдан бөлек, депутаттыққа үміткерлер әлеуметтік желідегі ресми парақшаларында белсенділік танытып жүр. Тікелей эфирге қосылып, сайлауалды бағдарламасын түсіндіріп, тұрғындардың жолдаған сауалдарына жауап береді. Бұл ретте саяси бірлестікке көмек көрсетіп жүрген мыңнан астам волонтерді атап өткен жөн. Олар штаб өкілдерімен бірлесе, халықтың көптеп шоғырланатын орындарында үгіт парақшаларын таратып, плакаттар іледі. Айта кету керек, партия атынан Мәжіліске 19 кандидат ұсынылып отыр.
Асылбек Данияр