Мәжіліс сайлауы: Үгіт-насихат науқанының оныншы күні - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Мәжіліс сайлауы: Үгіт-насихат науқанының оныншы күні

27.02.2023

Бүгін үгіт-насихат науқанының оныншы күні. Парламент Мәжілісі мен мәслихаттар сайлауына түсетін кандидаттар арасында саяси дода күні жақындаған саяси бәсекелестік арта түсті

«AMANAT» партиясының сайлауалды штаб өкілдері Абай облысындағы сайлаушылармен кездесті. Саяси ұйым Төрағасы Ерлан Қошанов №35 бағыттағы автобусқа отырып, қала тұрғындарымен сөйлесті. Жұрт жол жөндеу, әлеуметтік нысандар салу сынды өзекті проблемаларын көтерді. Бұдан соң автобус паркіне барып, жолаушылар тасымалы мәселесін талқылады.

Ерлан Қошанов, «Amanat» партиясының төрағасы:

Қоғамдық көлік саласын дамыту – еліміздің барлық қаласында өзекті мәселе. Лық толы автобустар, оларды аялдамада сарылып ұзақ күту және тозығы жеткен қоғамдық көліктер тұрғындардың өмір сүру сапасына кері әсерін тигізеді.

Петропавл қаласында жергілікті этномәдени бірлестіктердің қатысуымен «Ауыл әлемнің 100 тілінде» фестивалі өтті. Әр түрлі ұлт пен ұлыс өкілдері төл өнерін көрсетіп, «Ауыл» сөзін тақтаға ана тілінде жазды. Ұлтаралық қарым-қатынасты нығайтуға бағытталған шараға «Ауыл» партиясы ұйытқы болды. Кандидаттар қала тұрғындарымен кездесіп, сайлауалды үгіт-насихат жұмыстарын жүргізді.

Рысжан Нұрғалиева, «Ауыл» партиясының сқо бойынша сайлауалды штабының басшысы:

Ең басты маңыздылығы біздің туған еліміз Қазақстанда тату-тәтті өмір сүріп жатқан халықтардың достығын көрсету мақсатында осындай іс-шара ұйымдастырылды. Алда келе жатқан алғыс айту мерекесі құтты болсын. Қазақстанымыздың гүлденіп, жайнауына сеніміміз мол.

«Respublica» партиясы өкілдері Қызылорда облысында! Сайлауалды штаб өкілдері ең әуелі Шиелі ауданынына барды. Халықпен кездесіп, партияның негізгі тұғырнамасын таныстырды. Саяси науқанның маңызы жайында сөз қозғалып, артынша халықты толғандырған мәселелер жайын талқылады. 100-ге тарта адам жиналған басқосуда кәсіпкерлік, денсаулық сақтау, тұрғын үй, әлеуметтік көмек алу, жерге қатысты тақырыптар көтерілді. Партия жетекшілері талап-тілектерді тыңдап, өз ұсыныстарын айтты. Кейін аудан маңындағы ірі шаруа қожалығына ат басын бұрып, егін шаруашылығына қатысты мәселелермен танысты.

Қазақстан Халық партиясының өкілдері Солтүстік Қазақстан облысында екі бірдей кездесу өткізді. Кандидаттар алдымен Петропавл қаласының іргесіндегі ауылшаруашылық кешенінде болды. Кәсіпорын ірі қара өсіріп, сүт өнімдерін өндірумен айналысады. Үгіт-насихат тобы жұмысшыларымен кездесіп партияның сайлауалды бағдарламасын таныстырды. Одан кейін облыс орталығындағы трансформатор зауытына барды.

Жұлдыз Елеманова, Қазақстан Халық партиясының мүшесі:

Қазақстан халық партиясының өкілдері мен жұмысшылар арасында ашық диалог болып өз сайлауалды бағдарламамызды таныстырдық. Негізі түрлі саланың өкілдерімен кездесу өткізілуде. Фермерлерде болдық, қазір өндірісте жүрміз. Алдағы күндері медицина, шағын және орта бизнес басқада еңбек ұжымдарын қамтитын боламыз.

«Байтақ» жасылдар партиясының төрағасы елордада өткен кёкушин будокай каратэден жарысын тамашалады. Жарыс басталмас бұрын спортшылармен және олардың бапкерлерімен кездесті. Тілдесу барысында салауатты өмір салтын қалыптастыру, қоршаған орта мен экология мәселелеріне қатысты әңгіме өрбітті. Өз кезегінде партия басшысы саяси құрылым тұғырнамасының негізгі бағыттарына тоқталып, алдағы науқанның маңыздылығын түсіндірді.

Азаматхан Әміртаев, «Байтақ» Жасылдар партиясының төрағасы:

Спорт – ең бірінші ол денсаулықтың кепілі. Жастарды спортқа бағыттау, талпындыру – ең басты мәселе боп тұр.

«Ақ жол» партиясының кандидаттары Тараз шаһарына барды. Жергілікті кәсіпкерлермен кездесіп, сайлауалды баяндамасын таныстырды. Партия өкілдері алдымен аяқ киім өндіретін зауытқа барып, еңбек ұжымымен пікір алмасты. Былғары аяқ киім жасайтын мамандар қордаланған мәселелерін ашық айтты. Сондай-ақ кандидаттар жергілікті халықпен кездесіп, партияның бағдарламасын жіті түсіндірді.

Азат Перуашев, «Ақ Жол» Демократиялық Партиясының Төрағасы:

Бұл кездесулердің екі жағы бар. Біріншіден – әрине өзіміздің саяси бағдарламамызды, атқарған жұмысымыз туралы хабар беріп отырмыз. Екінші тарапынан – осы ұжымдардың, осы кәміпорындардың проблемаларды және де оларға қажетті бастамаларды талқылап жатырмыз.

Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясының мүшелері әлеуметтік желідегі үгіт-насихат жұмыстарын жалғастырып жатыр. Олар бүгін инстаграм және фэйсбуктегі ресми парақшаларында тікелей эфирге қосылды. Оқырман жолдаған әрбір сауалға жауап беріп, ұсынысын тыңдады. Саяси ұйым төрағасы Асхат Рахымжановтың айтуынша, штаб өкілдері өзекті деген сұрақтарды қағазға түртіп отырады.

Асхат Рахымжанов, «Жалпыұлттық Социал-Демократиялық» партиясының төрағасы:

Елімізде 19 миллионға жуық халық болса, әрбірінің өз проблемасы бар. Әрқайсысы біздің парақшада өткізілетін эфирге кіріп, тікелей сауалын жолдауға мүмкіндік алады. Сондықтан қазір әлеуметтік желілерге аса мән беріп, онда белсенділік танытып жатырмыз. Кейде бір сұрақты үш адам жолдайтын кез болады. Бірден барлығына жауап беруге тырысамыз.

Асылбек Данияр


Хабарламаларға жазылу