Украинадағы қарулы қақтығысқа – 1 жыл - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Украинадағы қарулы қақтығысқа – 1 жыл

24.02.2023

Украинадағы қарулы қақтығыстың басталғанына тура 1 жыл. Осыған орай Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас ассамблеясы Ресейді атысты тоқтатып, көрші елден әскерін әкетуге шақыратын қарар қабылдады. Ал, Киевте құрбандардың рухына тағзым ету рәсімі өтіп, қаза тапқан жауынгерлердің аналарына медаль табысталды. Тақырыпты Арыстан Рысбек жалғастырады.

Азап пен қайғы, сенім мен бірлік жылы. Президент Владимир Зеленский өткен 12 айды дәл осылай сипаттады. Ол бүгін Киев жұртымен бірге құрбандардың рухына тағзым етті. Жауынгерлермен жүздесті. Еуропадағы Екінші дүниежүзілік соғыстан бергі ең қанды қақтығыста қайсарлық көрсеткен украиналықтарды құттықтап, Ресей армиясын биыл-ақ біржолата тойтаруға уәде берді.

Владимир Зеленский, Украина президенті:

Күйреген жоқпыз. Биыл жеңіске жету үшін қолдан келгеннің бәрін жасаймыз!

Зеленский Киевтің Әулие София алаңында сарбаздарға алғыс айтып қана қоймай, майданда мерт болған отан қорғаушылардың аналарына медаль табыстады.

Батыс пен Киевтің мәлімдеуінше, Ресей былтыр Украинаға ешқандай себепсіз әскер кіргізді.

Бұны жоққа шығарған Мәскеудің кейбір тұрғындары көрші ел НАТО-ның екпінімен Ресейге қауіп төндірді деп есептейді.

Марина, мәскеу тұрғыны:

Соғыс, әрине жаман нәрсе. Бірақ бұл жыл басқа шешімнің болмағанын дәлелдеп берді ғой. Біз тәуелсіздігімізді, бостандығымызды, келешегімізді, балаларымыздың болашағын қорғап жатырмыз. Сол үшін жеңіске ұмтыламыз.

Ресей мен Украина бұл шайқаста қанша жауынгерінен айрылғанын нақты айтпайды. Дегенмен, батыстық зерттеушілерлің есебінше, екі жақ та шамамен 100 мыңдай сарбаз жоғалтқан.

Мыңдаған адамды жер жастандырып, миллиондарды босытып, талай ауыл мен қаланы ойрандаған соғыстың соңы әзірге көрінбейді. Қазір екі жақ та үлкен шабуылға әзірленіп жатыр. Ол көктемде басталуы мүмкін.

Арыстан Рысбек


Хабарламаларға жазылу