Көкшетаудың қолөнер шеберлері - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Көкшетаудың қолөнер шеберлері

23.02.2023

Кестелеу өнерінің шебері Үкіжан Ементаева тарихқа арналған туындылары арқылы жас ұрпақтың рухын көтеріп жүрген жан. Ал Анастасия Елисеева өзінің жан дүниесін қуыршақ жасау өнері арқылы жеткізеді. Оның туындылары коллекционерлер арасында жоғары бағаланады.

Анастасия Елисеева алғашқы қуыршағын 12 жыл бұрын жасапты. Ол кәсіби суретші. Осы бейнелеу өнерінің арқасында қуыршақ жасаудың да хас шеберіне айналған. Бір туындыға шамамен 4 апта уақыт жұмсайды екен. Алдымен қиылындағы бейнені қағаз бетіне түсіріп, сосын оның мүсінін жасайды. Одан кейін киімін тігеді

Анастасия Елисеева, қуыршақ шебері:

Мен өзім өнер адамымын. Ес білгелі сурет саламын. Шығармашылықты жаным сүйеді. Бірақ өзімді барлық салада сынап көргім келді. Сондықтан қуыршақ жасаумен айналыса бастадым. Өйткені, бұл іспен айналысу үшін бір өнердің өзі аздық етеді. Туындыны жасау үшін шебер оның суретін салып, мүсінін жасап, киімін тіге білуі тиіс.

Анастасия Елисеева жасаған Юрий Гагаринның екі мүсіні мәскеулік космонавтика музейіне қойылған. Ал Аружан мен Маржан атты домбырашы – қуыршақтың бірі Ресейге, екіншісін АҚШ-қа алып кетіпті. Ол осы уақытқа дейін 150-ден астам қуыршақ жасаған. Бірегей туындыларына Еуропа елдерінен де тапсырыс беретіндер бар.

Ал Үкіжан Ементаева тамыры тереңге бойлаған қазақ тарихын мата бетінде кестелеумен айналысады. Кейуана сексенді алқымдаса да, қолынан әлі де инесі мен жібі түспеген. Колөнер шебері өз туындыларында көне түрік және руна жазуларын және тарихи сәттерді бейнелейді.

Үкіжан Ементаева, қолөнер шебері:

Біз жас кезімізде ешқандай тарихты білген жоқпыз. Сосын мен тіге бастаған кезде де ғаламтор болған жоқ. Сондықтан жастар көрсін, рухы биік болсын, мақтанып жүрсін деп істедім. Карталарды салдым. Қазір бәрі бар. Ал ол кезде біраз кітап оқу керек еді. Балаларым, жиенім көмектесті. Соны ізденіп, кестелеп тіктім.

Үкіжан Ементаева қолөнерге жастайынан жақын болған. Көп дүниені ісмер болған анасынан үйренген. Қазір оның қызы мен келіні және немересі де қолөнермен айналысады. Осылайша, қолөнер ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып, тамырын тереңге жайған мұра ретінде сақталып келеді.

Ұмсындық Наурызбаева


Хабарламаларға жазылу