Мәжіліс сайлауы: Үміткерлер аймақтарды аралап жүр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Мәжіліс сайлауы: Үміткерлер аймақтарды аралап жүр

22.02.2023

Мәжіліс және мәсихат депутатығына кандидаттар үгіт-насихат жұмыстарымен ел аймақтарын аралап жүр. Тұрғындармен қатар еңбек ұжымдарына да сайлауалды бағдарламаларымен таныстыруда.

«AMANAT» партиясының атқарушы хатшысы Елнұр Бейсенбаев БАҚ өкілдерін кандидаттардың үгіт-насихат және үйлестіру республикалық штабының жұмысымен таныстырды. Штаб «open space» қағидаты бойынша ұйымдастырылған және аптаның барлық күнінде тәулік бойы жұмыс істейді. Мұнда кандидаттар мен сенімді өкілдердің қатысуымен күнделікті түрлі іс-шаралар, арнайы оқытулар өткізіледі.

Елнұр Бейсенбаев, «Amanat» партиясының атқарушы хатшысы:

Жалпы, республикалық сайлауалды штабының мүшесі жеті жарым мыңнан астам. Бәрі белсенді, белді, танымал азаматтар. Сонымен қатар, бізде барлық өңірлерде бүгінгі күні үш мыңнан астам іс-шара өтті. Үш жүз мыңға жуық нақты азаматтарды қамтыдық.

«Ауыл» партиясының өкілдері Шығыс Қазақстан облысына барды. «Солнечный» ауылында кандидаттардың қатысуымен «Агроөнеркәсіп кешенінің инновациялары» атты көрме өтті. Жаңашыл фермерлердің жетістіктеріне арналған шара "Майлы дақылдардың тәжірибелік шаруашылығы" базасында ұйымдастырылды. Ал Өскемен қаласында саяси ұйым мүшелері күнбағыс майын өндіретін зауыт жұмысымен танысып, қызметкерлерімен кездесті.

Азамат Мадияров, май зауытының бас инженері:

Ауыл партиясының өкілдері келіп, алда болатын сайлау жайындағы бағдарламасын таныстырды. Қажетті жауаптарды алдық. Жалпы сайлау деген менің ойымша, келешекте қандай бағытта біздің мемлекетіміз баратын жолды анықтайды.

«Respublica» партиясының өкілдері жаңа атауға ие болып, тынысы ашылған Қонаев қаласына табан тіреді. Бірден шаһар орталығындағы көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Дінмұхаммед Қонаевтың ескерткішіне барып, гүл шоғын қойды. Содан кейін қала халқымен кездесіп, саяси науқанның маңызы мен міндетін, өз бағдарламаларын түсіндірді. Жиын барысында жұмыссыз жүрген жастар мен мүгедектерге қолдаудың ерекше екені айтылды.

Руслан Берденов, «Respublica» партиясының тең төрағасы:

Үгіт-насихат науқаны жақсы жүріп жатыр. Осы жылы көріп жатырмыз жеті партия құрылды. Өзекті мәселелер көп. Бүгін Қонаев қаласындамыз. Осы жастардың, белсенділердің, халықтың көптеген проблемаларын тыңдап жатырмыз.

Елімізде жыл сайын жол апатының салдарынан орта есеппен 2 мың адам қаза табады. Осы мәселеге қоғам назарын аударту үшін Қазақстан Халық партиясы сайлауалды үгіт-насихат жұмысы аясында автошеру өткізді. Саяси ұйымның символикасы мен тулары ілінген көліктер легі Елорданың негізгі көшелерімен жүріп өтті. Ал партия төрағасы Ермұхамет Ертісбаев бастаған келесі топ Қарағанды облысына барып бірнеше еңбек ұжымымен кездесу өткізді.

Ермұхамет Ертісбаев, «Қазақстан Халық Партиясы» ҚБ төрағасы:

Кәсіподақ жетекшілері, металлургтер, осы саладағы қарапайым жұмысшылармен кездестік. Оларға өзіміздің идеямызды, тұғырнамада қамтылған басым бағыттарды таныстырдық. Басқосу барысында қатысушылардың сұрақтарына жауап беріп саланы дамыту жолдары туралы пікір алыстық.

«Байтақ» жасылдар партиясының өңірлік штабтары да үгіт-насихат жұмыстарын белсенді жүргізіп жатыр. Бүгін Атырау облысындағы саяси құрылым өкілдері өз кеңсесінде қалдықтарды жинау, тасымалдау және өңдеумен айналысатын кәсіпорын ұжымымен кездесті. Жүздесу аясында серіктестік қызметкерлеріне алдағы науқанның маңыздылығы кеңінен түсіндірілді. Аймақтағы өткір мәселелер көтеріліп, шешу жолдары пысықталды.

Амандық Байқұтов, өңірлік штабтың үйлестірушісі:

Кездесу барысында партиямыздың сайлауалды бағдарламасы таныстырылды. Сонымен қатар, ұжым тарапынан өздерін мазалаған сұрақтар қойлып, жауап берілді. Жалы кездесу екі тарап үшін өте пайдалы өтті деп есетейміз.

 «Ақ жол» партиясының сайлауалды үгіт-насихат жұмысы Алматы облысында жалғасып жатыр. Бүгін кандидаттар Қонаев қаласының ел-жұртымен кездесті. Сондай-ақ, өңірдегі ірі өндіріс орындарын аралап, жұмысшылармен ұсыныс-тілектерін тыңдады. Экономикалық мәселелер қызу талқыланып, сайлауалды бағдарлама аясында түсіндіру жұмыстары жүргізілді.

Азат Перуашев, «Ақ Жол» демократиялық партиясының төрағасы:

Біз мына кешегі күні Алматыда істесек. Енді бүгін Алматы облысына шықтық. Қонаев қаласында болдық. Қонаев қаласында ө
ндірушілермен кездестік. Қазір міне қаланың ортасында орналасқан бір базарға кіріп шығып қаланың көше бойындағы саудагерлермен сөйлестік. Жан айқайын көрдік, тыңдадық.

Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясынан депутаттыққа үміткерлердің сапары Көкшетау қаласында жалғасты. Саяси ұйым өкілдері жергілікті тұрғындармен кездесу ұйымдастырды. Олардың арасында ауыл шаруашылық және өндіріс салаларының еңбеккерлері бар. Қалаға қарасты бірқатар елді мекендегі азаматтар да шаһар орталығына келіп, өздерін толғандыратын сұрақтарын қойып, жауап алды.

Ілияс Жанғали, «Жалпыұлттық Социал-Демократиялық» партиясының Мүшесі:

Әлеуметтік, тұрмыстық бағдар бойынша сұрақтар қойылды, ол медициналық жағынан. Ол әлеуметтік саласындағы ең өзекті мәселе болды. Сол мәселелер бойынша бүгінгі жиында өте ауқымды, жоғары деңгейде іс-шара өткізілді.

Асылбек Данияр


Хабарламаларға жазылу