Лондонда ағылшындар қазақша үйреніп жатыр. Олардың ана тілімізге деген махабаттын сүйікті әншілері Димаш Құдайберген оятқан. Сәлемдесуден бастап, қоштасуға дейін, тіпті, қазақ тілінде ән айтуды да біледі.
Бұл – «Димаш Құдайберген. Ұлыбритания және дүниежүзі» фан-клубының белсенді мүшелері. Барлығын дүниені дүр сілкіндірген дүлдүл әншіміздің өнеріне деген асқақ сезім біріктіреді.
Джилл Бичeм, фан-клуб төрайымы:Фан-клубымызды 6 ай бұрын аштық. Күні кеше 1 000-шы мүшеміз қатарымызға қосылып, қатты қуандық.
Қазақ тіліне ағылшындардың ғана емес, уэльс, португал, пәкістан, еврейлердің де қызығушылығы жоғары. Ұстаздары – Кәусар Ғалымжанқызы. Жасы онда. Бастауыш мектепте оқиды. Ата-анасымен Лондонда уақытша тұрып жатыр. Қос тілге жетік бүлдіршін бұған дейін «Балапан» телеарнасында балаларға ағылшынша үйретіп, тәжірибе жинақтаған.
Кристина Брэйн, фан-клуб мүшесі:I can say “Сәлем”, I can say “Қалайсыз”, I can say “Менің атым Кристина”.
Халықаралық фан-клуб мүшелері қайырымдылық шарасын да ұйымдастырып, Қазақстандағы «SOS балалар ауылы» қоғамдық ұйымына қаражат жинап берді. Ол ақшаға жетім балалар музыкалық аспаптар сатып ала алады. Кешке жиналғандар өз тілдерінде өлеңдер оқыды. Димаштың шығармашылығына қатысты сұрақтарға жауап берді. Өнер жұлдызының әндерін орындады.
Марина Бекенова