Басты Жаңалықтар Имантаудан қола дәуіріне тиесілі қоныс табылды

Имантаудан қола дәуіріне тиесілі қоныс табылды

Шамамен 3,5 мың жыл бұрынғы тарихтың жаңа дерегі Солтүстік Қазақстандағы Имантау жерінен табылды. Қазақстан мен Қытай археологтарының бірлескен экспедициясы қола дәуіріне тиесілі ірі қонысты зерттеп жатыр. 324 шаршы метр аумақта жүргізілген қазба кезінде қыш ыдыстар, тас және сүйек құралдар, жебе ұштары, қоладан жасалған біздер, мал сүйектері мен металл өңдеуге қатысты қалдықтар анықталған. Бұл жәдігерлер ежелгі тұрғындардың мал шаруашылығымен айналысқанын және металл өңдеудің белгілері болғанын көрсетеді. Ең маңызды олжаның бірі – тұрғын үй болғанын көрсететін құрылымдар мен пеш орны. Табылған қыш өрнектеріне сүйенген мамандар қонысты б.з.д. XVI–XV ғасырларға жатқызып отыр. Бес жылға жоспарланған қазақ-қытай жобасының алғашқы кезеңіне еліміздің жиырмадан астам және Қытайдың төрт маманы қатысуда. Алдағы уақытта қазба аумағы кеңейтіліп, ежелгі қоныстың құрылымы мен тұрғындарының тұрмыс-тіршілігі жан-жақты зерттелмек.

Данияр Дүйсенбай, ҚР Ұлттық музейі «Мәдени мұраны ғылыми зерттеу институты» бөлім меңгерушісі, археолог:

Қазіргі таңда қандай жетістіктерге жеттік десек, біз тұрғын үйдің толықтай шекарасын анықтап отырмыз. Одан бөлек, батыс жағында қола дәуірінің пешін таптық. Күлдің орындары немесе күйген тастар барлығы бұның пеш екендігін, от жаққандығын білдіреді. Алайда оның металлургиялық пеш пе немесе басқа да пеш екендігін әлі анықтау үстіндеміз. Бұл жердегі негізгі материалдардың қызықты қатарына сүйектен жасалған бұйымдар, оның ішінде сүйектен жасалған жебелер, қырғыштар, сүйек біздер табылуда.


Бөлісу