Қазақ ғылымы ауыр қазаға ұшырады. Философия ғылымдарының докторы, профессор, ұлттық Ғылым академиясының академигі - Әбдімәлік Нысанбаев 86 жасында өмірден озды. Ол 570-тен астам ғылыми-сараптамалық, әдістемелік еңбектер, соның ішінде 30 монография, жеке кітаптар мен оқу құралдарын жазған. Бірқатар еңбектері 25 шет тілінде жарық көрген.
Әбдімәлік Нысанбаевтың өмірлік қағидаты әділдікке қарай ұмтылу болатын. Әсіресе, ғылымдағы әділдік үшін күресті. Өзі қанша жетістікке жетсе де, «болдым деп» масаттанған емес. Ізгі ілімнің ізін шолып, үнемі ізденіс үстінде жүрді. Ол қазақ философиясы деген ұғымды ғылымға енгузіуге зор үлес қосқан ғалым.
Серік Нұрмұратов, философия ғылымдарының докторы, профессор:
1991 жылы Тәуелсіздік ала бастаған тұста бірінші рет Қазақстан қазақ философиясын ашқан адам. Содан кейін көптеген еңбектердің шығуына себепкер болған. Мысалы, қазақ философиясының тарихы деген 5 томдық кітап, анау ежелгі заманнан қазіргі кезеңге дейінгі эволюциясын көрсетіп беруге мұрындық болып, жетекшісі болған адам.
Әбдімәлік Нысанбаев - талай толқынды тәрбиелеген ұстаз. Ол ғылыми мектеп қалыптастырып, көптеген ғылым докторы мен кандидаттарын дайындады.
Динара Жаңабаева, философия, саясаттану және дінтану институтының ғалым-хатшысы:
Ол кісі үнемі қоғам материалдық игілікке басымдық берсе, мәдениет, руханият тыс қалып қойса, қоғам ешқашан алдыға жылжымайды дейтін, осындай тәлім-тәрбиесімен шәкірттерді ұлттық философияға шақыратын.
Әбдімәлік Нысанбаевтың әкесі кеңестік кері саясатпен «халық жауы» деп тұтқындалып, абақтыда қайтқан. Әділетсіздікпен күрес сол бала шақтан қалыптасса керек. Кейін ол әкесінің ақталуына қол жеткізген. Бір сұхбатында ғалым «жастайымнан арманым - жақсы ғылыми жұмыс пен тартымды еңбектер жазу арқылы әкеге ескерткіш орнату» деген екен. Ол әкесіне ғана емес, тұтас қазақ еліне ғылымның еңселі ескерткішін қалдырып барады.
Азамат Бейбітұлы