Белгілі ғалым Шора Сарыбаев дүниеден озды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Белгілі ғалым Шора Сарыбаев дүниеден озды

03.05.2018

Бүгін Алаш жұрты Ұлттық ғылым академиясының академигі, филология ғылымдарының докторы Шора Сарыбаевты ақтық сапарға шығарып салды. Алматыдағы ғылым ордасында өткен қаралы жиынға Шора Шамғалиұлының туған-туыстары, әріптестері мен шәкірттері келді. Олар саналы ғұмырын ғылымға арнаған қайраткердің өнегелі ісін сөз етіп, тағылымды естеліктер айтты.

Белгілі ғалымды ақтық сапарға шығарып салуға келген жұрттың қарасы қалың. «Бұл ғылымға деген құрметтің белгісі»,- дейді көпшілік. Шора Шамғалиұлы қазақ тілі диалектологиясының негізін қалаған ғалымдардың бірі. Оның артында ұлтының қажеті үшін жарайтын үлкен еңбегі қалды. Сондықтан, көркем сөзді қадір тұтқан ел оның жарқын бейнесі мен іргелі зерттеулерін ешқашан ұмытпайды.  

Мұрат Жұрынов, ҚР Ұлттық ғылым академиясының президенті:

- Қазақ ғылымы орны толмас қазаға ұшырап отыр. Арамыздан қазақтың маңдай алды ғалымы, тіл білімін кеңінен дамытқан бірнеше халықаралық ұйымдардың мүшесі Шора Шамғалиұлы ағамыз дүниеден озды.  

«Күлкі - өмірдің мүлкі» деп, жүрген жерін әдемі әзілімен әрлеп, ортасына өмір сыйлап жүретін Шора Шамғалиұлы ұлттың жаны саналатын тіл біліміне жан аямай еңбек ететін шәкірт тәрбиеледі. Заманның қалтарыс-бұлтарысының салдарынан орындалмай қалған армандарын іске асыруды үміт еткен шәкірттері мен саналы ұрпағына мирас етті. Ал, мақсаттарының орындалу жолдарын зерттеу еңбектерінде қалдырған.  

Шора Шамғалиұлы саналы ғұмырында 300 ғылыми еңбек пен 20 монографиялық оқулық жазған. Ежелгі халық емшілігі жайлы зерттеулері де дертіне шипа іздеген жандар іздеп жүріп оқитын құнды дүниеге айналған. Ал, әзіл сөздің тарихы әріден басталатынын үнемі айта жүретін ғалым, еңселі ел болу үшін бабалар мұрасына терең үңілу қажет екенін ескертуден жалыққан емес.    

Нұрлан АСҚАРҰЛЫ

«Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын AppStore және Play Market сервистерінен тегін жүктеп алыңыз.
 

Хабарламаларға жазылу