Мектептердегі оқушылар қауіпсіздігі қашан толықтай қамтамасыз етіледі - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Мектептердегі оқушылар қауіпсіздігі қашан толықтай қамтамасыз етіледі

17.02.2023

Түркістан облысының Жетісай ауданындағы мектептерде қауіпсіздік шаралары үшін қойылған бейнекамералар жұмыс істемейтін болып шықты. Базбірін орнатқанына он жылдан асып кеткендіктен, әбден ескірген. Ал білім ошақтарының жартысына жуығында интернет желісінің күші жетпей, полицияның жедел басқару орталығына қосыла алмай отыр. Жауапты бөлім мамандары болса мәселені шешуге қажет қаржыны былтырдан бері күтіп отырмыз, дейді. 

Жылысу ауылындағы 700-ден аса бала оқитын орта мектепте бар болғаны 8 бейнекамера орнатылған. Алайда оның екеуі істен шыққан. Жалпы, мектепте келеңсіз жағдай бола қалса, оны полицейлер орталық бақылау жүйесінен көре алмайды.

Бауыржан Әуелбеков, М.Шоқай атындағы мектеп директорының орынбасары:

Біздің екінші ғимаратымыз бар. Ол жақта ешқандай камера жоқ. Әжетханамыз да осы жақта. Ол жаққа ешқандай камера орнатылмаған. Балалардың қауіпсіздігі үшін енді көбірек бейнекамералар керек.

Ал Кетебай ауылындағы мектепте жағдай мүлде қиын. 8 камераның барлығы сынып қалған. Қазір бейнебақылау құрылғылары дәлізде құр ілініп тұр. Оларды жөндесе де, пайдасы шамалы екен.

Ақарыс Дүйсенбекұлы, Ә.Молдағұлова атындағы орта мектеп директорының орынбасары:

Қосымша тағы 18 камераға ұсыныс бердік. Өйткені дәліздердің бір жақ бетінде бар, екінші жақ бетінде жоқ. Егер де келеңсіз жағдай арғы жақ бетінде болса, оны анықтауға мына камераның күші келмейді.

Жетісай ауданында 73 мектеп бар. Олардың көбінде интернет әлсіз болғандықтан, бейнебақылау жүйелері орталық бақылау жүйесіне қосылмаған. Ал 15 мектепте интернет мүлде жоқ.

Шадияр Иманбердиев, Жетісай аудандық білім бөлімінің әдістемелік кабинет меңгерушісі:

Аудандағы білім беру ұйымдарындағы камералардың көпшілігі 2012-2013 жылдары орнатылған. Яғни, қазіргі таңда ескірген деп айтсақ болады. Ауыстыруды талап етеді. 76 камера жұмыс істемейді. 2022 жылы бюджеттік өтінім берілген.

69 мектепке қажет 210 млн теңгеге бюджеттік өтінім берілгенімен, тиісті қаржы әлі күнге бөлінбепті. Мамандар интернеттің әлсіздігі отандық компаниялардың жұмысына байланысты болып тұр, дейді.

Шоқан Әшірәлиев, Жетісай ауданы әкімдігі аппаратының бас инспекторы:

Біздегі технологиялардың ескіруіне байланысты «Қазақтелеком» интернетінің сапасы нашар болып тұр. «Транстелеком» компаниясының басшысына да ұсыныстар берілген. 

Облыстағы 983 мектептің 651 ғана облыстық полиция департаментінің орталық бақылау жүйесіне қосылған. 334 мектепке шұғыл шақыру батырмасы орнатылған. Қалғандарында қауіпсіздік деңгейі талапқа қашан сай болатыны белгісіз.


Айнұр Әбілқасымқызы

Хабарламаларға жазылу