Ұлыбританияда миллиондаған науқасқа операция жасалмай жатыр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ұлыбританияда миллиондаған науқасқа операция жасалмай жатыр

16.02.2023

Ұлыбританияда миллиондаған науқасқа операция жасалмай жатыр. Өйткені денсаулық сақтау саласы бұрын соңды болмаған дағдарысты бастан кешуде. Билік пен медицина қызметкерлері арасындағы келіссөздер нәтиже бермей келеді.

Гарри Коганның жүрегіне тез арада операция жасалмаса, өмірі бірнеше жылға қысқаруы мүмкін. Бірақ 62 жастағы науқас 2 жылдан бері дәрігер көмегін күтіп жүр. Ауруханаларда маман тапшы болғандықтан қазір 7 миллион науқас операция жасатуға кезекті тұр.

Гарри Коган, науқас:

Жүрегім екі жыл бұрын сыр берді. Бірақ ковидке байланысты кідіріс болып, күте тұруымды сұрады. Уақыт өте келе есімімнің тізімде жоқ екенін тағы көрдім.

Ұлыбританиядағы дәрігерлер бұған дейін де талай мәрте наразылыққа шыққан. Нәтиже болмаған соң медбикелер мен жедел-жәрдем қызметіндегілер бірігіп, бас көтеруге мәжбүр. Бұл 75 жылдық тарихы бар Ұлттық денсаулық сақтау қызметіндегі ең ірі ереуіл. Қымбатшылықтан қажыған мыңдаған адам жалақыны көтеруді талап етіп жатыр.

Итан Вон, медбике:

Біз дегенімізге жетпейінше, көшеге шыға береміз. Үкімет салада ақша жоқ деп айтудың орнына жалақы мәселесін талқылап, шешуі керек.

Ал билік өкілдері жалақы өссе, сәйкесінше баға да көтерілетінін айтады. Денсаулық сақтау министрі 1 мың фунт, яғни 580 мың теңге көлеміндегі бір реттік төлеммен көмектескісі келіп еді, қазынашылық бұл бастаманы бұғаттап тастады.

Стив Барклай, Ұлыбритания денсаулық сақтау министрі:

Біз инфляция деңгейін төмендетіп жатырмыз. Нәтижеге қол жеткізгенде ғана жалақыны көтерудің қажеттілігі болмай қалады. Сәл шыдай тұру керек.

Марина Бекенова, тілші:

Британ ұлттық денсаулық сақтау қызметі бұған дейін еңбектеген баладан еңкейген қарияға дейін тегін медициналық көмек көрсетіп келді. Бірақ қазір қауқарсыз. Ең қиыны, кезегін күтіп жүрген кейбір науқстар бақилық болып жатыр.



Хабарламаларға жазылу