Қазақстандықтар фамилия жазудың 20-ға жуық үлгісін қолданып жүр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қазақстандықтар фамилия жазудың 20-ға жуық үлгісін қолданып жүр

16.02.2023

Аты-жөндегі ала-құлалық белең алып барады. Жалпы, қазақстандықтар фамилиясын жазудың 20-ға жуық үлгісін қолданады екен. Әзірге елімізде нақты бекіген бір үлгі жоқ. Сол себепті де, кей кездері адамның аты қайсы, тегі қайсы екенін шатастырып жатамыз. Оның үстіне, куәліктегі есімін қате жазатындар көбейіп барады.

«Ов», «ев», «ұлы», «қызы», «тегі». Қазір қазақстандықтардың жеке куәлігінде фамилиасындағы жұрнақ әр түрлі жазылып жүр. Мысалы, елімізде жалпы фамилиясында -ов, -ев , -ова, -ева жұрнағы бар 8 млнға жуық адам бар.Құжатта әкесінің тегі көрсетілмегендер саны млнан асады. Аты-жөнінде ТЕГІ деп- 224, ал, ТЕГИ сөзі жазылған 32 адам бар. Яғни, бірізділік жоқ. Сондай-ақ, бүгінде ов-ев жұрнағын қолданудан бас тартып жатқандар көп. Солардың бірі – Ұлан.

Ұлан Наукен, студент:

Өзімнің тегімді толық қазақшаладым. Нұрлан Аманқазыұлы ретінде. Көптен бері ойлап жүр едім. 16 жасымда жасағым келген нәрсені 20 жасымда өзгерттім. Барлықтарғңызға осылай қазақ тілі, қазақ тегіне ауысуға кеңес беремін.

Жалпы қазақстандықтар фамилиясын жазудың 20-ға жуық үлгісін қолданады деген ақпар бар. Жеке куәліктердің саны 13 млннан асады екен. Оның ішінде қазақша есімдер құжатқа әріп қатесімен жазылғандары көп. Мәселен елдегі 60 мыңнан аса Серіктің, жеке куәлікте 53 мыңы Серик болып жазылыпты. Ал, 60 мыңға таяу Нұрланның, 50 мыңға жуығы НУрлан деп көрсетілген. Сондай-ақ 60 мыңнан аса Айнұрдың, тағы да 50 мыңға жуығының куәлігі АйнУр деп берілген.

Нұржан Жаңабаев, ҚР ІІМ Көші-қон қызметі комитетінің аға инспекторы:

Тегі мен әкесінің атын өзгертуге енгізген кезде туу туралы куәлікті өзгерту қажет етпейді. Егер өтініш беруші тегі мен әкесінің атының түпкі негізін өзгерткісі келсе онда жаңа айқындамалық деректер бойынша туу туралы куәлік алу қажет.

Ұлты қазақ азаматтар тегi мен әкесiнiң атындағы ана тіліне тән емес аффикстi алып тастауға құқылы. Алайда есімдердің түбiрлiк негiзi сақталуға тиiс. Яғни, «ов-ев» сияқты жұрнақты жойып, әкесiнiң атын жазған кезде «ұлы» немесе «қызы» сөздерін қосып жіберуге болады. Немесе тапсырыс берушінің өз қалауымен құжатта тек аты-жөні ғана көрсетіледі.

Бекжан Әбдіуәлиұлы, филология ғылымдарының докторы:

Көне түркі жазба ескерткіштеріндегі оғлы яғни, ұлы, қызы дегенді біз бүгінде жаңғыртуымыз керек қайтадан. Бүкіл қазақ қоғамы, қазақ баласы осы ектің айналасына топтасуы керек.

Жеке куәліктегі аты-жөнді қандай тәртіппен жазу керектігі әр азаматтың жеке шешіміне байланысты іс. Бірақ, алдағы уақытта бір нұсқаға тоқталып,есімдерді қатесіз жазған жөн дейді сарапшылар. Өйткені, куәліктегі бір төл дыбыс, яки, әріптің өзі дұрыс жазылмаса, ұлттық бояу жоғалады.

Азамат Бейбітұлы


Хабарламаларға жазылу