Шәкен Айманов театр сахнасы мен кинода 100-ден аса кейіпкерді сомдады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Шәкен Айманов театр сахнасы мен кинода 100-ден аса кейіпкерді сомдады

15.02.2023

Бүгін - қазақ өнерінің шоқтығы биік тұлғасы, талантты актер әрі режиссер Шәкен Аймановтың туған күні. Талант иесі ұлттық театр өнері мен кино саласының қалыптасып, дамуына бүкіл ғұмырын арнады. Оның Қазақстан кинематографиясының алтын қорына енген фильмдері әлі күнге дейін көрерменнің көкейінде. Өміршеңдігін жойған жоқ.

1933 жылы қазақ драма театрына қабылданып, тынбай 20 жыл еңбек еткен Шәкен Айманов 1953 жылы кино саласына бет бұрды. Оның есімі бәрінен бұрын қазақ кинематографиясында тұңғыш рет ұлттық фильм түсірген режиссер ретінде ел жадында қалды. Аты аңызға айналған дарын иесінің туындылары ұлттық өнеріміздің жауһарына айналды. Шебер суреткер ретінде халықтың тұрмысын, бітім-болмысын дөп басты.

Асанәлі Әшімов, актер, Қазақстанның Еңбек Ері:

Шәкеннің туған күні біздерге қымбат. Өнер адамдарына. Өнерге берген Шәкеннің, оның ішінде театрға, киноға берген өзінің таланты, дарыны кейінгі жастарға, өзімен бірге қызмет атқарған азаматтарға көп әсер етіп, көп үлгі қалдырды.

Шәкен Аймановтың көзін көргендер режиссердың адамгершілігі бір төбе еді дейді. Материалдық құндылықтарды екінші орынға ысырып, достармен әңгіме-дүкен құрғанды, көпшілікпен араласқанды жаны сүйетін. Кез -келген отырыстың сәнін кіргізетін Шәкеннің үйде жалғыз отыратын кездері сирек болған.

Нұржұман Ықтымбаев, Қазақстанның Халық Әртісі:

Қазақтың бүкіл әдет-ғұрпын бойына сіңірген адам болатын. Қонақжайлылығы, кең пейілділігі, қолының кеңдігі. Топырлап қасында жүретінбіз. Ол кісінің әншілік жағы болсын, домбыра шерту мәселесі болсын, тарих мәселесі болсын өте жоғары деңгейде болатын.

Шәкен Кенжетайұлы театр сахнасы мен кинода 100-ден аса кейіпкерді сомдады. 20-ға жуық фильм түсірді. «Біздің сүйікті дәрігер», «Атаманның ақыры», «Атамекен», «Тақиялы періште», «Алдар көсе» туындыларының жарыққа шыққанына жарты ғасырдан асса да, әлі күнге дейін өміршеңдігімен құнды.

Қуан Нұрақын


Хабарламаларға жазылу