Мәжіліс сайлауына партиялық тізім бойынша қатысатын кандидаттар тіркеліп бітті. Бүгін Орталық сайлау комиссиясы «Amanat» және «Республика» партиясы өкілдеріне куәлік берді. «Amanat» партиясы атынан 90 адам ұсынылған. Үміткерлердің 29-ы әйелдер, жастар мен мүгедектігі бар адамдар. Квота нормасы сақталған. Партия алдыңғы сайлауда таңдаушылардың 71 пайыздан астам дауыс жинауына байланысты сайлау жарнасын төлеуден босатылған.
Елнұр Бейсенбаев, «Amanat» партиясының атқарушы хатшысы:
Бүгін солардың ең негізгі қорытындысын алып отырмыз. Біздің кандидаттарымыздың барлығы сайлауалды кампаниясына қатысуға, сонымен қатар барлық заңның, талаптардың орындалғанына куәгерміз. Сол себепті Орталық сайлау комиссиясынан тіркеу қағаздарын алып отырмыз.
Ал «Республика» партиясынан Мәжіліс сайлауына 25 кандидат ұсынылған еді. 2 адам өз еркімен партиялық тізімнен шығу туралы өтініш берген. Бұл саяси ұйымнан 23 адам қатысуға жіберілді. Орталық сайлау комиссиясы Мәжіліс сайлауына қатысуға ниет білдіргендер Конституция мен «Сайлау туралы» заң талаптарына сәйкес келетінін мәлімдеді.
Сондай-ақ партияның бір мандатты округтер бойынша ұсынылған төрт адамның екеуі науқаннан тыс қалды. Бірі – заң талабына сай келмейді, Қазақстан аумағында соңғы он жылда тұрмаған. Екіншісі – отбасылық себептерге байланысты бас тартқан. Сонымен жеті партиядан 281 кандидат тіркелді. Бұл процесс 18 ақпан 18:00-де аяқталады. Әрі қарай үгіт-насихат науқаны.
Асылбек Данияр