Жеңілдетілген автонесиеге қалай жылдам өтініш беруге болады? - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Жеңілдетілген автонесиеге қалай жылдам өтініш беруге болады?

11.02.2023

Жеңілдетілген автонесиеге өтініш беріп үлгергендердің алды көліктерін ала бастады. Өнеркәсіпті дамыту қорының айтуынша, олардың барлығына машина жетеді. Десе де сұраныстағы кейбір модельдерді бір-екі апта күтуге тура келуі де мүмкін. Енді келесі өтініш қашан қабылданады? Бағдарламаға іліну үшін нені ескерген жөн? Өтініш берер кезде мынаны біле жүріңіз.

Осы апта гепардтан, ұшақтан тіпті жарықтан жылдам 761 адамды анықтадық. Олар небары 18 секундта автонесиеге өтініш беріп үлгергендер. Солардың құрметіне осындай мемдер тарады, ал үлгермегендер сан соғып қалды.

Біз автосалон ретінде порталда тіркелген адамдарды қарсы алып, оларға автокөліктердің моделі, комплектациясы, түсі жайлы мәлімет береміз.

761 адам өтініш беруде ғана емес, көлік алуда да жылдамдық танытып жатыр. Басым бөлігі төлем шотын алса, кейбірі салоннан су жаңа машиналарын алып үлгерді. Бағы жанып, бағдарламаға ілінгендердің бірі - Ерлан. Полиция қызметкері, криминалист. Өтініш беру үшін алдын ала дайындалдым дейді.

Ерлан Сейілханов, Астана қаласының тұрғыны:

Өтініш беру үшін жұмыстан сұрандым. Компьютерімді 5G желісіне қосып, сағат 10:00-де дайын отырдым. Кейін бірден өтініш бердім. Бұл жерде жылдамдық пен интернет сапасы жақсы болуы керек.

Ерлан сияқты көлік міну үшін тек интертен пен жылдамдық аздық етер. Сондықтан алдағы уақытта өтініш беруді ойлаған болсаңыз мынаны ескерген жөн.

Досжан Маратұлы, тілші:

Автонесиеге өтініш берер кезде ең әуелі электронды цифрлы қолтаңба қажет. Сондықтан оны «менің құжаттарым» деген папкіге салып қойған дұрыс. Сол кезде cіз электронды цифрлы қолтаңбаны іздеп отырмайсыз. Ашылған жерден бірден таңдап, уақыт үнемдейсіз.

Сондай-ақ электронды қолтаңбаның құпия сөзін тез терілетіндей етіп ауыстыру қажет. Мәселен, үйреншікті Aa1234 дейтін құпия сөзден гөрі бір-біріне жақын орналасқан әріп пен санды таңдау қажет. Сондай-ақ, интернет жылдамдығын көтеріп, телефон нөмірін алдын ала көшіріп дайындап койған дұрыс. Жүйе сұраған кезде ctrl+v батырмасы арқылы жаза саласыз.

Мұндай әдіс өтініш беру уақытын азайтуға көмектесері сөзсіз. Ал Өнеркәсіпті дамыту қоры енді ай сайын сайт арқылы 100 өтініштен қабылдауды көздеп отыр.

Ринат Ғаппаров, «Өнеркәсіпті дамыту қоры» АҚ басқарма төрағасының орынбасары:

Жаңа өтініштердің қабылданатын күні мен уақытын алдын ала хабарлаймыз. Қазір сайттың кем-кетіктері түзетіліп жатыр. Алдағы уақытта бәрі дұрыс жұмыс істейтін болады.

Сондай-ақ қордағылар енді бұрынғыдай автонесиеге біріңғай кезек мүлдем болмайтынын айтып отыр. Ай сайын лимит шығады, бағы жанғандар алады. Сондықтан дайындалып, өтініш беретін күнді жіберіп алмаңыз.

Досжан Маратұлы


Жеңілдетілген автонесие

Хабарламаларға жазылу