Президент Сергей Терещенконың қазасына байланысты отбасы мен жақындарына көңіл айтты - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Президент Сергей Терещенконың қазасына байланысты отбасы мен жақындарына көңіл айтты

10.02.2023

Бүгін Қазақстанның тұңғыш премьер-министрі, кәсіпкер Сергей Терещенко 72 жасқа қараған шағында қайтыс болды. Президент көрнекті мемлекет және қоғам қайраткерінің қазасына байланысты оның отбасы мен жақындарына көңіл айтты.

«Сергей Александрович еңбек жолында колхоз инженерінен бастап Қазақстан Республикасы Үкіметінің бірінші төрағасына дейінгі кәсіби белестерден өтті. Оның басшылығымен Қазақстан тәуелсіздік алған жылдары ауқымды әлеуметтік-экономикалық реформалар әзірленіп, жүзеге асырылды» делінген жеделхатта. Сергей Терещенко 1991 және 1994 жылдар аралығында еліміздің жоғары атқарушы билігін басқарды. Осылайша тарихта тәуелсіз Қазақстанның Үкіметін бірінші басқарған адам ретінде қалды. Елге сіңірген еңбегі үшін «Қазақстанның Еңбек Ері» жоғары атағымен, басқа да мемлекеттік наградалармен марапатталды.

Қазақстан Үкіметі құрылған кезде Үкімет басшысы Терещенконың сол кездегі қызметтесі, баспасөз және бұқаралық ақпарат министрі мен премьер-министрінің орынбасары болған Қуаныш Сұлтанов бірқатар естелігін бөлісті.

Қуаныш Сұлтанов, ҚР мемлекет және қоғам қайраткері:

Ол өзінің жұмысын білетін адам еді және оның өткен мектебі жастайынан бүкіл шаруашылық және қоғамдық, кезінде комсомол партиялық адамдармен жұмыс жасап, тіл табысып үйренген адам. Елдің сөзін тыңдай білетін не болмаса халықтың қарсы пікірін тыңдай білетін. Өзі сабырлы адам болатын, күйіп-жанып жатқан кезде сабыр сақтап, қызбалыққа салынбай, алды-артын түгел есептеп шешім қабылдамас бұрын барлығын өлшеп, кесіп алатын ұғымда болды.

Асылбек Данияр

Хабарламаларға жазылу