Саяси науқанға түсуге 14 мыңнан аса адам ниет білдірді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Саяси науқанға түсуге 14 мыңнан аса адам ниет білдірді

09.02.2023

Бір орынға төрт адам таласады. Орталық сайлау комиссиясы Мәжіліс және мәслихат депутаттары сайлауына кандидаттарды ұсыну қорытындысын жариялады. Саяси науқанға түсуге 14 мыңнан аса адам ниет білдірген. Ең көбі мәслихатқа үміткерлер. Сонымен кандидаттарды тіркеу қашан басталады? 

Депутат болуға әркімнің-ақ бар таласы. Орталық сайлау комиссиясының дерегі осыған дәлел. Мәжіліс және мәслихат сайлауына барлығы 14 207 үміткер ұсынылды. Оның 1754-і партиялық тізіммен, қалған 12 453 адам бір мандаттық округтар бойынша сайлауға түспек. Мәжіліс сайлауына қатысуға 7 саяси ұйым үмітті. Олар париялық тізім бойынша 283 кандидат ұсынып отыр.

Константин Петров, ҚР ОСК төрағасының орынбасары:

Бірмандаттық округтер бойынша барлығы 609 кандидат ұсынылды. 7 саяси партия 79 кандидатты ұсынды. Барлық саяси партия белгілі бір дәрежеде бірмандаттық округтер бойынша ұсынуға қатысты. 5 кандидатты 4 қоғамдық бірлестік ұсынды. Қалған 525 адам өзін-өзі ұсынғандар.
Дегенмен орын саны шектеулі. Партиялық тізім бойынша ұсынылғандар мәжілістегі 69 орынға , мажоритарлық жүйеде ұсынылғандар 29 орынға таласады. Партиялардың барлығы да жастар, әйелдер мен мүмкіндігі шектеулі азаматтардың 30% - дан кем болмауы туралы норманы сақтаған.

Иә, бұл сайлау бұрынғыдан өзгеше болмақ. Мәслихат депутаттығына бәсекелестік жоғары болады деген болжам бар. Бір орынға 4,3 кандидаттан келеді. Мәжіліс сайлауына барлық жеті партия үміткерлер тізімін ұсынған. Ал Жалпыұлттық социал-демократиялық партия мәслихат сайлауына қатысудан бас тартты.

Талғат Омаров, Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясының мүшесі:

Біз бүкіл күшімізді Мәжіліске жұмсайық деп есептедік. Сөйтіп съезде осындай келісімге келдік. Енді әрі қарай әр өңір құқылы,  әрине бірақ олар біздің съездегі шешімді қолдап, ұсынған жоқ өз өкілдерін.

Саяси науқанға қатысу үшін: Қазақстан халық партиясы , Ақ жол партиясы, Жалпыұлттық социал-демократиялық партия, «Байтақ» жасылдар партиясы, «Ауыл» партиясы, Respublica және AMANAT партиялары құжат тапсырған. Бүгін Мәжіліс пен мәслихат депутаттары сайлауына кандидаттарды тіркеу басталды. Процесс 18 ақпан сағат 18:00-де аяқталады. Әрі қарай үгіт-насихат жалғасады. Ал саяси науқанға 38 күн қалады.

Асылбек Данияр

Хабарламаларға жазылу