Мәжіліс пен мәслихат сайлауына үміткерлерді ұсыну аяқталды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Мәжіліс пен мәслихат сайлауына үміткерлерді ұсыну аяқталды

08.02.2023

Мәжіліс пен мәслихат сайлауына үміткерлерді ұсыну аяқталды. Жеті партияның барлығы Орталық сайлау комиссиясына құжаттарын өткізді. Бүгін соңғы болып «Республика», «Ауыл» және «Аманат» партиялары қағаздарын тапсырды. Заңға сәйкес олардың өмірбаяны, өтініші, жалпы саны 7 түрлі құжат комиссия қарауына берілуі керек. Аманат партиясы Мәжіліс сайлауына тізім бойынша 90 үміткерді ұсынған. Бұдан бөлек бір мандатты округтер бойынша 29 аманаттық додаға түседі. Елнұр Бейсенбаевтың сөзінше кандидаттарды іріктеу жұмысы әрбір өңірде партия ішіндегі дауыс беру арқылы жүргізілді.

Елнұр Бейсенбаев, «Аmanat» партиясының атқарушы хатшысы:

Осы тізімге енген азаматтардың барлығы өңірлерден жеңіп келген азаматтар. Біздегі басты принциптер ашықтық, әділдік және жаңару саясатын біз алдымызға қойып отырмыз.

Ал кәсіпкерлер мен блогерлер бастаған «Республика» партиясы Мәжіліске партиялық тізім бойынша 25 кандидат ұсынып отыр. Тағы 4 адам бір мандаттық аумақтық сайлау округтері бойынша бекітілген. Шаруалардың күйін күйттеп, ауыл ахуалын көтереміз деп ұрандататын «Ауыл» партиясы атынан мәжіліске жалпы саны 34 үміткер ұсынылып отыр. Оның тоғызы өзін-өзі ұсынғандар.

Шерхан Жамбылұлы


Хабарламаларға жазылу