Бүгін таңғы 04:00-ден аса Түркияның бірнеше провинциясында қатты жер сілкінісі болды. Қайғылы оқиғаға орай Мемлекет басшысы Түркия президенті Режеп Тайып Ердоғанға көңіл айту жеделхатын жолдады. Онда «Түркия Республикасында болған аса күшті жер сілкінісі салдарынан көптеген адамның қаза тапқаны туралы суыт хабарды зор күйзеліспен қабылдадым. Осындай қиын сәтте жақындарынан айырылған отбасыларға, сондай-ақ бүкіл түрік ағайындарымыздың ауыр қайғыларына ортақтасып, Қазақстан халқының және жеке өзімнің атымнан көңіл айтамын» деп жазылған. Сондай-ақ Мемлекет басшысы Үкіметке Түркиядағы зілзаланың салдарын еңсеруде шұғыл көмек көрсетуді тапсырды.
Бұл Түркия тарихында бір мезгілде бірнеше қалада болған ең қатты жер сілкінісі. Алдымен таңғы төртте 7,7 балдық, одан кейін түс кезінде 7,6 балдық екінші қуатты дүмпу болды. Екі зілзаланың да ошағы Қаһраман Мараш облысында тіркелсе де, көршілес 10 облысқа әсер етті. Апаттан мыңнан аса адам қаза тауып, 7 мыңнан аса адам жараланған. 2 800 ғимарат жермен жексен болды.
Жергілікті тұрғын:
Мен ұйықтап жатыр едім, жолдасым оятты. Үй қатты қозғалып тұрды. Бұған дейін мұндай жер сілкінісін көрмедім. Шамамен екі минуттай сілкінді. Сол уақытта сыртқа шығып үлгердік.
Ел президенті Режеп Тайып Ердоған апаттан соң халыққа тікелей эфирде үндеу жариялап, зілзала болған аймақтарға елдің барлық облыстарынан көмек баратынын жеткізді.
Режеп Тайып Ердоған, Түркия президенті:
Апат болған облыстардың губернаторларынан бөлек, қосымша тағы он губернаторды апат аймағына жіберу туралы шешім қабылдадым. Барлық министрлер оқиға орнында жұмыстарды үйлестіріп жүр. Әскерлеріміз бен Қызыл ай ұйымынан да көмекке 9 мың құтқарушы жіберілді.
Түркия билігі апаттың салдарын тезірек жою үшін өзге елдерден көмек сұрады. Бірқатар халықаралық ұйым мен 45 мемлекет Түркияға көмек беруге әзір екендіктерін жеткізді. Қазақстанның да Сыртқы істер министрлігі мен Төтенше жағдайлар министрлігі түрік билігімен байланыс орнатты. Жақын арада Түркия үкіметінің өтініші бойынша зардап шеккен өңірлерге қазақстандық құтқарушылар мен дәрігерлер ұшып келеді. Ал арнайы құрылған комиссия төрағасы, елдің вице-президенті тұрғындарды түрлі алып-қашпа әңгімелерге ермей, тек ресми ақпаратқа сенуге шақырды.
Фуат Октай, Түркияның вице-президенті:
Барлық ақпарат құралдары мен мемлекеттік мекемелер және әлеуметтік желі қолданушыларынан төтенше жағдайлар басқармасы берген ресми ақпаратты ғана таратуды сұраймыз. Жақындарын таба алмай, іздеп жүрген адамдар көп. Сондықтан қайтыс болғандар туралы тек нақты ақпарат тарауы керек. Қазір жер сілкінген үш қалада әуежайлардың жұмысы тоқтатылды. Мектептерде екі апталық қосымша демалыс жарияланды.
Қуатты жер сілкінісі тек Түркия емес, көршілес Сирия, Ирак, Иран, тіпті Арменияда да сезілді. Сирия денсаулық сақтау министрлігінің мәліметіне сай бұл елде апаттан мыңнан аса адам қайтыс болған.
Айдос Әшімұлы