Ақмола облысында 28 елдімекенді су басу қаупі бар - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ақмола облысында 28 елдімекенді су басу қаупі бар

06.02.2023

Ақмола облысында 128 елдімекенді су басу қаупі бар. Жедел түрде тасқынның алдын-алу шаралары жүргізіліп, нәтижесінде 113 ауыл-аймақта қауіп сейілді. Дегенмен, мамандар 15 елдімекен қызыл судың астында қалуы мүмкін деп отыр.

Рамазан Кеншібаевтың үйі өзенге жақын орналасқан. Жыл сайын көктемді қорқынышпен қарсы алады. Осыдан бірер жыл бұрын топан су үйдің терезесіне дейін жетіп, жұртты әбігерге салған. Қарғын су бой бермей, мал-жанды әрең аман алып қалыпты. Содан бері ауыл тұрғындары әкімдікке де қарайламай үйдің маңын үйілген қардан жиі тазалап тұрады.

Рамазан Кеншібаев, Балкашино ауылының тұрғыны:

Бұрын өзеніміз терең болатын, содан су кететін. Енді таяз болған соң су жайылады ғой. Сондықтан қауіп бар. Қорқыныш бар. Бірақ, бәрі уақытында, мезгілінде істелсе, аман қаламыз ғой.

Су тасқынының алдын алу үшін облыста бірқатар шара қолға алынған. Жыл басынан бері 255 мың текше метр қар шығарылып, 5 шақырымнан астам өзен арналары тазартылды.

Еркен Берлібеков, облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің басқарма бастығы:

24 шақырымнан астам су бұру жүйесін тазартып, 6 шақырым бөгетті нығайттық. 34 су өткізу құрылыстарын жөндедік. Өзен маңайында орналасқан қауіпті елдімекендерді бақылайтын 92 қосымша бақылау бекетін орналастыруды жоспарлап отырмыз.

Қыстың алғашқы екі айында түскен қардың көлемі шекті мөлшерден аспаған. «Қазгидромет» мамандары қазір топырақ қатуының орташа деңгейі 98 сантиметрге жетсе, өзен-көлдердегі мұз қалыңдығы 33-91 сантиметр, дейді.

Лариса Гончарова, «Қазгидромет» республикалық мемлекеттік кәсіпорны облыстық филиалының инженер-синоптигі:

Ақпан айында қар жауып, бұрқасын болады деп болжап отырмыз. Жауын-шашын мөлшері нормаға сай. Наурыз айында да еш өзгеріс жоқ. Барлығы бірқалыпты болмақ.

Бүгінде су тасқыны болуы мүмкін Атбасар, Сандықтау, Аршалы, Целиноград ауданындағы бөгеттердің техникалық жағдайы тексеріліп жатыр. Қауіптің алдын-алу жұмыстарына 2,5 мың адам мен 1 мыңнан астам техника жұмылдырылған.

Досжан Маратұлы

Ұмсындық Наурызбаева


Хабарламаларға жазылу