Қызылорда облысында 29 елдімекенді су басу қаупі бар - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қызылорда облысында 29 елдімекенді су басу қаупі бар

12.01.2023

Қызылорда облысында 29 елдімекенді су басу қаупі бар. Себебі Сырдария өзеннің деңгейі едәуір көтерілген. Қазір аймақта тасқынның алдын алу үшін бөгеттерді күшейту, қауіпті сейілту жұмыстары басталып кетті. Ал өңірдің оңтүстік аудандарында сең жүріп өткен. 

Қазіргі таңда Қызылорда аумағына Сырдария өзенімен секундына 650 текше метр су келіп жатыр. Мұндай кезеңде өзенге мол судың түсуі сеңнен келетін қауіпті күшейтіп тұр. Жаңақорған ауданында мұздың алғашқы легі жүріп өтті. Мамандар барынша тасқынның алдын алғанымен залалы жоқ емес.

Әділбек Серікұлы, тілші:
Бұл жерден бірер күн бұрын сең жүріп өткен. Жағалаудан тасыған су дарияға жақын орналасқан мына үйді шәйіп кеткен. Өзен деңгейінің көтерілгені сонша баспана жарамсыз күйде қалған.

Үйді су басқанымен адамдар аман. Иелері екі күн бұрын көшіп үлгеріпті. Жалпы өзен арнасына жақын салынған баспана иелеріне кезінде мамандар ескерту жасап, үйдің құжатын рәсімдемеген. Дегенмен, қиын жағдайға тап болған отбасыға аудан әкімдігі көмек қолын созамыз деп отыр.

Мұрат Тілеуімбетов, Жаңақорған ауданының әкімі:
Ескертпе қағазы бір ай бұрын берілген. Ол кісілердің ішіндегі құнды деген дүниелері алынды. Су қайтып көктем айы келген уақытта оның жөндеу жұмыстарына көмектесетін боламыз.

Бүгінде Сырдариядағы сең Жаңақорғаннан асып, Шиелі ауданындағы Жөлек ауылының маңында мұз тіресіп тұр. Мол су келе жатқанын естіген ауыл жұрты бөгеттерді нығайту жұмыстарына білек сыбана кіріскен.

Асыл Мәліков, Жөлек ауылының тұрғыны:
Су тасқынын естіген соң ауылдың азаматтары барлығымыз атсалысып жұмыс істеп жатырмыз. Су алып кетпесін деп, ауылға көмек көрсетудеміз.

Жалпы дариядағы мұз қалыңдығы кей жерлерде 44 сантиметрге дейін жеткен. Оның үстіне күн күрт суытып жағдай қиындай түсті. Сондықтан қалың сең жүру кезінде, су басу қаупі жоғары елдімекендерде ескерту парақтары берілген. Жағдай қиындаса жұрт эвакуцияланады.

Бейбітхан Спанов, облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің бөлім бастығы:
29 қауіпті елдімекенде, облыста 60 эвакуациялық жинақтау пункті және 78 эвакуациялық қабылдау пункті орналасқан. Талсуат елдімекені бар, КОПЭС саяжайы бар әсіресе осы елдімекендердің тұрғындарына үгіт-насихат жүргізіліп жатыр.

Ал өзеннің жоғарғы арнасынан келетін судың көлемі алдағы уақытта секундына 700 текше метрден асады деген болжам бар. Яғни, су тасқынының алдын алу үшін сақтық шараларын әлі де күшейту керек.

Ә.Серікұлы


Хабарламаларға жазылу