Мұнай-газ экспорты: Ресей қай елдерге көз тігіп отыр? - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Мұнай-газ экспорты: Ресей қай елдерге көз тігіп отыр?

05.02.2023

Қазақстан мен Өзбекстан ақыры Ресей тарабымен газ саласындағы әріптестік жөнінде Жол картасына қол қойды. Қарашаның соңында Ресей басшысы Владимир Путин Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевпен кездесуде «үшжақты газ одағын» құру идеясын айтып қалған. Біздің тарап бұл ұсынысты қолдаса да, жан-жақты зерттеп барып, шешімге келетінін меңзеді, ал Өзбекстан Ресей газын қандай да бір одақ немесе альянс аясында емес, тек коммерциялық келісімшарт арқылы алатынын мәлімдеді. Оның үстіне Қазақстан мен Өзбекстан қоғамы «одақ» деген сөздің өзін салқын қабылдайды. Бірақ газ мәселесі аталған үш мемлекет үшін де өзекті. Қазақстан мен Өзбекстан энергетикалық дағдарыста отыр – газ тапшы, ал Ресейге Еуропа бас тартқан газды өткізетін нарық керек. Үлкен нарық. Демек Ресей тұтынушы ретінде Орталық Азиядағы елдерді ғана көздеп отырған жоқ, ол одан алысқа көз тігіп отыр. Данияр Қайыртай жалғастырады.

Бірінші вице-премьер Роман Скляр мен ресейлік «Газпром» басшысы Алексей Миллер қол қойған Жол картасының мәтіні жарияланған жоқ. Энергетика министрі «бұл жұмыс алгоритмі жазылған құжат, шарт емес» деді. Ал сарапшы Абзал Нарымбетов құжаттың мәтіні сонда да қоғам назарына ұсынылуы керек деп есептейді.

Абзал Нарымбетов, мұнай-газ саласы бойынша сарапшы:

Концептуалды тұрғыдан қарағанда, сіз алдын ала келісіп алған нәрселерді Жол картасында, кейін келісімшартта қағазға түсіресіз. Сондықтан Жол картасында сіз қалай тонды пішесіз, солай киесіз.

Министр Болат Ақшолақов Жол картасының мазмұнын там-тұмдап қана айтты.

Болат Ақшолақов, ҚР Энергетика министрі:

Оның ішінде не жазылған? Мысалы, оның ішінде газды Қазақстан арқылы Өзбекстанға қалай тасымалдауға болатыны жазылған. Сондай-ақ, Ресей біз арқылы транзитпен газ өткізетін болса, қай жақтан кіріп, шығатынын айтады, оны да зерттеп бекітуіміз керек.

Яғни, Еуропа нарығынан айырылып қалған Ресей соған пара-пар жаңа нарық іздеп жатыр деген сөз.

Құрманғали Дәркенов, аймақтанушы, Л.Гумилев ат. ЕҰУ профессоры:

Өткен жылы Ресейдің газ өндіру көлемі 20 пайызға құлдырады және экспорты 50 пайызға төмендеді. Экспорты небәрі 100 млрд текше метрдің шамасында ғана болды. Сондықтан қазір Ресей еуропалық нарықты жоғалтты, сондықтан да Ресейге қазір азиялық нарық керек.

Рашид Жақсылықов, Қазақстан мұнай сервистік компаниялары одағының төралқа төрағасы:

Ресейдің көздеп отырғаны – Қазақстан арқылы Қытайға өту және Қазақстан арқылы Өзбекстанға барып, ол арқылы Ауғанстан, Пәкістан, сол арқылы Үндістанға шығу. Біз қызмет көрсетіп, нәпақа табамыз. Тариф. Газ кетіп жатыр, оған ешкімнің басы ауырып жатқан жоқ, мемлекетке ақша түсіп жатыр.

Бірақ ол үшін біз өз жеріміздегі құбырларға өзіміз иелік етуіміз керек. «Газпромның» басқаруына беруге келіспеу қажет дейді сарапшы.

Абзал Нарымбетов, мұнай-газ саласы бойынша сарапшы:

Менің ойымша, бірінші шарты – инфраструктураны ешқашан бермеу керек. Себебі оны беру арқылы сіз келешекте транзиттен де айрыласыз, тәуелді болып қаласыз көп нәрселерге.

Ресей Қазақстан аумағы арқылы өз экспорттық потенциалын Шығыс Азияға бұрып қана қоймай, Қазақстанның Қытай алдындағы міндеттемелерін де өз мойнына алғысы келеді дейді сарапшылар. Оған Қазақстан да мүдделі. Себебі газды өзімізге жеткізе алмай жатырмыз.

Құрманғали Дәркенов, аймақтанушы, Л.Гумилев ат. ЕҰУ профессоры:

Біз жылына Қытайға 10 млрд текше метр газ беруіміз керек. 2021 жылы барлығы 7,2 млрд текше метр газ бердік, ал енді 2022 жылы берген газымыз – 5 млрд текше метр ғана болды. Қытайдың тарапынан бізге наразылық болуы мүмкін. Өйткені біз олармен келісілген шартты орындай алмай отырмыз.

Бірақ қазір орындай алмай отырған міндеттемеден құтылғанымызбен, экспорт жасайтын нарықтан айырылған тиімсіз, дейді аймақтанушы Құрманғали Дәркенов. Ол ішкі нарықта арзанға сатылатын газдың шығынының орнын Қазақстан экспорттың түсімі арқылы толтырып отырғанын айтады.

Құрманғали Дәркенов, аймақтанушы, Л.Гумилев ат. ЕҰУ профессоры

Біз әлемдік бағамен сатып отырмыз Қытайға, экспорттан жақсы түседі. Енді біз Қытай рыногын қамтамасыз ете алмаймыз, бұның тиімсіз жағы – бізде диспропорция болуы мүмкін. Тек қана биыл 2022-23 жылы 184 млрд тг шамасында шығынға батуымыз мүмкін, газдың өзіндік құны мен ішкі рынокта сатылу құнының арасындағы айырмашылықтан.

Энергетика министрі Жол картасында елдің солтүстік және шығыс аймағын Ресей газымен қамтамасыз ету мүмкіндігі зерттелетіні жазылғанын да айтты.

Болат Ақшолақов, ҚР Энергетика министрі:

Мысалы, солтүстік пен шығысты газбен жабдықтау мәселелері ұзақ мерзімге кетуі мүмкін. Ол үшін біздер өте терең зерттеу жұмыстарын жасауымыз керек. Сол үшін нақты бағыттарын анықтап, қай бағыттармен баратын, мысалы бір маршрутты таңдап, сол жұмыспен техникалық жұмыстар атқаруымыз керек. Оның бәрі алда.

Министр осы жұмысты пысықтау үшін алдағы аптада ресейлік әріптестерімен тағы да кездесуге баратынын айтты. Ал Абзал Нарымбетов импортқа тәуелділікті құптамайтынын жеткізді.

Абзал Нарымбетов, мұнай-газ саласы бойынша сарапшы

Ол белгілі бір тәуелділікке алып келеді деп ойлаймын. Дайын газды алу арқылы, біз өз кен қорларымызды дамытпай, игермей қаламыз ба деген қорқыныш бар.

Олжас Байділдиновтың айтуынша, мемлекет газ бағасын реттеуге араласып жатқандықтан инвесторлар жаңа өндірісті дамытуға құлықсыз. Ал ішкі сұраныс артып жатыр. Сондықтан Ресейден тасымалдағаннан басқа амал жоқ дейді.

Олжас Байділдинов, мұнай-газ саласы бойынша сарапшы, Энергетика министрінің бұрынғы кеңесшісі:

Бізде табиғи газ тапшылығы бар. Ал оның өндіріс көлемін бір сәтте ұлғайта салу мүмкін емес. Ол үшін кемі 5-7 жыл керек. Ал газ халыққа қазір керек. Сонда біз Ресейден газ тарту арқылы солтүстік пен шығыс өңірлерін газбен қамтамасыз етеміз. Әрі оңтүстік аймақтардағы тапшылықты да жоя аламыз. Былтыр ол үшін Түрікменстаннан 1,5 млрд текше метр импорттадық.

Жол картасына қол қойылған күні Үкімет таратқан ақпаратта «Қазақстан газын Орынбордағы зауытта қайта өңдеу мәселелері» қарастырылғаны да жазылған. Бұл зауыт өткен айларда түрлі сылтаумен Қарашығанақтан шығатын газды қабылдамай қойғаны есте.

Рашид Жақсылықов, Қазақстан мұнай сервистік компаниялары одағының төралқа төрағасы:

Егер біз осы Газ жобасын іске асыруға мүмкіндік беретін болсақ, олар Орынбордағы зауытта болашақта бұндай тежеу болмайды деп сендіріп отыр. Ол да жақсы. Біз өзіміздің өндірісімізді салып алғанша, 4-5 жылдың көлемінде Орынбордағы зауыт бізге ауадай қажет.

 Данияр Қайыртай, тілші:

Еуропада қыс биыл жылы болып, Ресейден келетін газдың аздығы халқына қатты сезіліп жатқан жоқ. Бірақ сарапшылар алдағы қыс бұлай болмаса әрі Ресей газ экспортын азайта түссе, Еуропада көгілдір отын тіптен тапшы болып, баға одан сайын шарықтап шыға келеді деп болжап отыр. Халықаралық энергетика агенттігінің мәліметінше, биыл Еуроодақта 57 млрд текше метр газ жетіспеуі мүмкін. Сол үшін батыс елдері баламалы энергия көздері мен жаңа бағыттарға инвестиция құйып, Ресей газынан бас тартуы ықтимал. Ресейдің Орталық Азия елдері арқылы экономикасы үлкен Қытай мен Үндістан нарығына көз тігіп отырғаны да сондықтан.


Данияр Қайыртай

Хабарламаларға жазылу