Қашағандағы мұнай өндірісіне не кедергі болғаны анықталуда - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қашағандағы мұнай өндірісіне не кедергі болғаны анықталуда

27.01.2014
Қашағандағы мұнай өндірісіне не кедергі болғаны анықталуда
 
Өткен жылы елімізде 81,8 миллион тонна мұнай мен газ өндірілді. Алдыңғы жылға қарағанда, өндіріс көлемі 6 пайызға артық. Оның 14 миллионнан астамы отынды мұнай өңдеу зауыттарында қайта өңделген.
 
Өткен жылды қорытындылаған Мұнай және газ министрлігі ағымдағы жылдың алғашқы тоқсанында төртінші мұнай өңдеу зауытының қай өңірде салыну керектігін анықтап, Үкіметке ұсыныс айтуы тиіс.
 
Алқа мәжіліске арнайы қатысқан Үкімет басшысы мұнай-газ секторы басшыларына осындай міндет жүктеді. Сондай-ақ, сала мамандары газ бойынша стратегиялық құжат әзірлеуі керек.
 
Биылдан бастап, жаңадан төселетін жолдарға өзіміздің битум қолданылады. Жақында Ақтауда ашылған зауытта шикі мұнайдан өңделген өнім ел аумағындағы битумға қажеттілікті толықтай қамтамасыз етуге қауқарлы.
 
Ұзақбай Қарабалин мұнай мен газ өндіруге өткен жыл кенеулі болғанын айтты. Тек Қашаған мен «ҚазақОйл Ақтөбе» компаниялары ғана жоспарды 100 пайызға орындай алмады. Министрдің айтуынша, мегажоба - Қашағандағы мұнай өндіру жұмыстарына кедергі болған кілтипанды табу үшін тексеру жұмыстары жүріп жатыр.
 
Ұзақбай Қарабалин, ҚР Мұнай және газ министрі:
Мамандар әрбір метріне зерттеу жасайды. Ол ұзаққа созылады екен. Ақпанда мердігерлерден, сонда жұмыс істеп жатқан компания өкілдерінен пікір алып, Үкіметке ұсынамыз.
 
Серік Ахметов, ҚР Премьер-Министрі:
Жалпы, өткен жылдың нәтижесі жаман емес. Осы саланың тиімділігін арттыру, жаңадан индустриалды-инновациялық жобаларды жүзеге асыру, шағын және орта бизнес нысандарын көбейту - министрліктің алдындағы басты міндет.

Хабарламаларға жазылу