Англия банкі пайыздық мөлшерлемені тағы көтерді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Англия банкі пайыздық мөлшерлемені тағы көтерді

04.02.2023

Англия банкі пайыздық мөлшерлемені тағы көтерді. Жыл басынан бері оныншы рет қатарынан. Ұлыбританияның бас қаржы институты инфляциямен осылай күреспек.

Марина Бекенова, тілші:

Экономикалық жағдай қиын. Ұлыбританияда бірінші қажеттіліктегі азық-түлік өнімдері, жылу мен жарықтың бағасы аспандап тұр. Фискалдық және ақша-кредит саясаты қатаңдатылып, салық көлемі артты. Еуро Одақ құрамынан шыққаннан кейін көші-қон талаптары күшейтіліп, жұмыс күші кеміді. Брекситтің кесірінен Еуропа елдеріне экспорт тасымалы азайды. Сондықтан инфляцияны ауыздықтау үшін Англия банкі пайыздық мөлшерлемені тағы ұлғайтып отыр.

Эндрю Бэйли, Англия банкінің басқарушысы:

Біз бүгін банк мөлшерлемесін 0,5-ке, яғни 4 пайызға дейін көтердік. Инфляцияның қысымы әлі де сезілуде. Бірақ оны толығымен тежей алатындығымызға сенімдіміз. Сондықтан пайыздық мөлшерлемені ұлғайтуымыз керек.

Англия Банкінің болжамы бойынша, инфляция маусым айына қарай 8 пайызға дейін төмендейді. Ал жылдың соңында 3 пайызды ғана құрамақ. Энергия бағасы арзандағаннан кейін рецессияның салқыны қатты сезілмейді. Базалық мөлшерлеменің одан әрі көтерілуіне жол берілмейді, дейді қаржы институтындағылар. Мөлшерлеменің тағы да өсуі салымшылар үшін тиімді. Депозитте сақтаулы ақшаларының үстіндегі пайыздық үлесі көбейеді. Бірақ банктен несие алған орта және шағын бизнес иелері, ипотекасы барлар қиналады. Өйткені пайыздың үстіне пайыз қосылады.

Марина Бекенова


Хабарламаларға жазылу