Нұр-Сұлтан қаласында көлік қағып кеткен 19 жастағы жігіттің жағдайы ауыр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Нұр-Сұлтан қаласында көлік қағып кеткен 19 жастағы жігіттің жағдайы ауыр

08.10.2019

Елордада жол көлік оқиғасынан зардап шеккен шеккен 19 жастағы Тимур Қайрыбекұлының жағдайы ауыр. 3 айдан бері есін толық жинамаған. Қазір ол түтікше арқылы тамақтанып, тыныс алып жатыр. Басынан қатты жарақат алған Тимурдың қайта қалпына келу процесі өте баяу жүруде. Дегенмен, оң өзгеріс байқалады. Оқиғаның қалай болғанын тілшіміз толықтырып айтып берсін.

Шілденің 5-і түнгі сағат 23:40-та Қабанбай батыр мен Сарайшық көшелерінің қиылысында «Лексус» маркалы көлік екі жаяу жүргіншіні қағып кетеді. Анасының миы шайқалып, 9 қабырғасы сынған. Ал 19 жастағы жігіт тас жолға басымен құлап, миы мен бас сүйегі қатты зақымданған.

Софья Қылышбекова, Нұр-Сұлтан қаласы полиция департаментінің ресми өкілі:

Осы дерек бойынша ҚР ҚК 345 бабы бойынша қылмыстық сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүргізіліп жатыр. Жол көлік оқиғасына қатысты барлық жан-жақты тергеп-тексеру шаралары жүргізіліп, тиісті шаралар қолданылуда. Белгілі болғандай жаяу жүргіншілер көше қиылысында бағдаршамның қызыл түсіне өтіп бара жатқан кезде болған.

Содан бері бірнеше операция жасалды. Мектепті алтын белгімен тәмамдап, халықаралық дәрежедегі бірнеше университеттен шақырту алған Тимурдың ми жұмысы бұзылған. Жуық арада қалыпты өмірге қайта келуі екіталай деп отыр дәрігерлер. Мұндай қымбат ем елімізде ұзақ уақыт бойы тегін жүргізілмейді. «Ерте ме, кеш пе ауруханадан шығаруға мәжбүр боламыз»,- дейді дәрігерлер. Одан соң ем шаралары ақылы түрде жүргізіледі немесе үйден ем алуға мәжбүр болады.

Талғат Пазылбеков, «Ұлттық нейрохирургия орталығы» АҚ медициналық директоры: 

Қиындық болмайды деп айта алмаймын. Жағдайы ауыр. Өзіне жақын арада келуі қайдам. Оны қазір нақты айта алмаймыз есіне келеді деп. Ал бұндай ауруларға күтім ерекше болады ғой. Бұның қасында үнемі, тәулік бойы бір адам болуы керек.

Бауыр еті баласын жарым жан етіп тастаған сол бір сұмдық оқиғаны еске алу психологиялық ауыр екенін айтып, анасы бізбен сұхбаттасудан бас тартты. Дегенмен жалғыз басты анаға ауыр халдегі Тимурды үйде емдеу мүмкін еместігін айтып отыр жақындары. Мұны естіген мейірімді жандар халықтан ақша жинауды бастаған. Бірнеше рет халықаралық олимпиадада топ жарған жігітті сапалы медициналық көмектен айырмау үшін қаржы беріп жатқан азаматтар аз емес.

Гүлмира Исраилова, ерікті:

Тимурдың анасы бас кезінде оқиғаны көпке айтпады. Біз кездейсоқ білдік. Ақша жинаймыз деген кезде де өзін ыңғайсыз сезінді. Дегенмен жалғыз ұлының өмірі, денсаулығы үшін ғой. Келісті. Бәрі жақсы болады деп үміттенеміз.

Сіз де ауыр халдегі Тимурға көмек көрсетеміз десеңіз анасының атындағы мына есеп шотқа ақша аудара аласыз.

Бұл жағдайға Денсаулық сақтау министрі де бей-жай қарамады. Елжан Біртанов әлеуметтік желіде Тимурға тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлемі аясында денсаулығын қайта қалпына келтіру шаралары жүргізілетінін айтты.

Оңғар АЛПЫСБАЙ


Хабарламаларға жазылу