Таяу Шығыстағы жағдай қайта шиеленісіп барады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Таяу Шығыстағы жағдай қайта шиеленісіп барады

27.01.2023

Таяу Шығыстағы жағдай қайта шиеленісіп барады. Израиль қауіпсіздік күштері Дженин босқындар лагерінде рейд жүргізіп, бір күнде 9 палестиналықты мерт қылғаннан кейін, Газадан еврей мемлекетінің аумағына зымырандар жіберілді. Бұған алаңдаған халықаралық қауымдастық қарсыласушы тараптарды сабырға шақырып отыр. 

Өткен түні Израильдің әскери ұшақтары Газа секторына әуеден соққы берді. Бұл операцияның мақсаты – еврей мемлекетінің аумағына зымыран жаудырған қарулы топтардың позицияларын жою.

«Хамас» исламшыл қозғалысы бақылауындағы Газада Израильдің шабуылынан қанша адамның зардап шеккені белгісіз. Бір анығы – жергілікті тұрғындар түндегі операцияның қайталануынан қауіптеніп отыр.

Хамед Хоудари, Газа тұрғыны:

Біз алаңдап, қорқынышта өмір сүріп жатырмыз. Жарылыстарды естиміз, қаша бастаймыз. Израильде билікке келген радикалдардың мақсаты - Палестина халқын қыру. Барлық жерде бізге қарсы зорлық-зомбылық. Газада, Дженинде және Батыс жағалауда, басқа жерлерде осындай жағдай.

Дегенмен, кейінгі айларда Израильде бірнеше адамның өмірін қиған үлкен қастандықтар жасалды. Содан кейін Израиль қауіпсіздік күштері Иордан өзенінің батыс жағалауындағы елді мекендерде палестиналық жасақтарға қарсы рейдер жүргізіп, қаңтардың басынан бері 30 адамды мерт қылған.

Солардың тоғызы бейсенбі күні Дженин босқындар лагерінде қаза тапты. «Рейтер» агенттігінің хабарлауынша, құрбандардың ішінде бейбіт тұрғындар да бар. Алайда, Израиль үкіметі рейдті тек террористерге қарсы жүргізгенін мәлімдеп отыр.

Итамар бен-Гвир, Израиль ұлттық қауіпсіздік министрі:

Мен кеше түнде сәтті операция жүргізген антитеррорлық күштерді, Израиль армиясын құттықтағым келеді. Біз сарбаздарымызға лаңкестермен, содырлармен соғыста қолдау көрсетеміз. Әрбір полицей, әрбір жауынгер Израиль үкіметіне, ұлттық қауіпсіздік министрлігіне және полиция бастығына сүйене алатынын білуі керек.

Аймақтағы жағдай бірнеше айдан бері шиеленісіп тұр. Ал соңғы күндердегі қантөгіс Израиль мен Палестинаны бұдан да ауқымды қарулы жанжалға ұрындыра ма деген қауіп туындап отыр. Осыған алаңдаған АҚШ мемлекеттік департаменті, Біріккен Ұлттар Ұйымы, Мысыр және Қатар үкіметтері қарсыласушы тараптарды сабырға шақырды.

Арыстан Рысбек

Хабарламаларға жазылу