Қарағанды облысының Ақтоғай ауданында 20 ауыл ауыз сумен қамтылды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қарағанды облысының Ақтоғай ауданында 20 ауыл ауыз сумен қамтылды

24.01.2023

Қарағанды облысының Ақтоғай ауданында 16 ауыл ауыз сумен қамтылмаған. Жергілікті билік 2025 жылға дейін барлық елдімекенге тіршілік нәрін жеткізуді көздеп отыр. Биыл да бірнеше ауылға су құбыры тартылады.

Бану Әубәкірова Ақши ауылының байырғы тұрғындарының бірі. Жақында елді мекенге ауыз су берілді. Жасы 80-ге таяп қалған қария бұрынғы күндері енді тек естелік ретінде ғана айтып отыр.

Бану Әубәкірова, Ақши ауылының тұрғыны:

Бұған дейін флягпен тасыдық. Су мұнарасы болды, оның иесі бар. Мезгілімен ашып жабады. Қысы-жазы мына шана қолымыздан түскен жоқ. Қаладағы үймен бірдейміз. Мына қаладағы адамдарды шақырамын ауылға, сіздермен біздің мінекей құқығымыз бірдей болды.

Ауылға су келгелі мектеп пен балабақшаның, өзге де әлеуметтік нысандардың жұмысы жеңілдеген. Ақши орта мектебіне бұған дейін суды сырттан таситын. Ал қазір жағдай басқаша.

Дулат Ізбасаров, Ақши орта мектебінің директоры:

Су тартылып балаларға, мектеп жұмыскерлеріне де ыңғайлы болды. Суықта, аязда балалар дірілдеп далаға шығып жүретін. Мектепте асханамыз бар, соған бұрынғыдай тасымал емес, іштен ағызып алып отырады.

Ақтоғай ауданында 36 ауыл бар. Соның 20-сы қазір тіршілік нәрімен қамтамассыз етілген. Биыл да Үшарал, Жалаңаш, Қуаныш ауылындағы су мәселесі шешіледі.

Саян Мұратұлы, Ақтоғай ауданы әкімінің орынбасары:

Суға қолжетімділік бойынша, Ақтоғай ауданы халық саны жағынан өзі 16 мың тұрғын болса, соның 80 пайызға қамтылған ауыз сумен. 2025 жылға дейін толық қамтимыз деген ойдамыз.

Былтыр облыстағы ауыл тұрғындарын сапалы тіршілік нәрімен қамту көрсеткіші 91 пайызға жеткен. 2025 жылға дейін барлық елдімекенді 100 пайыз сумен қамту көзделіп отыр.

Руслан Нұрланұлы


Хабарламаларға жазылу