Партия мүшелерінің санына қатысты талап та өзгерді. Оның төменгі шегі 20 мыңнан 5 мыңға дейін азайды. Бұрын партиялардың әр аймақтағы өкілдерінің саны кемінде 600 адам болуы шарт еді, ал қазір - 200 адам.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Сонымен бірге сайлау бюллетеніне «бәріне қарсымын» деген бағанның енгізілуі өте маңызды шешім болды. Партиялардың Мәжіліске өтуіне қажетті дауыстың төменгі шегі 7-ден 5 пайызға дейін азайды. Бұл да – елімізді демократияландыру жолындағы айрықша мәні бар қадам. Сайлау үдерісіне қоғамның түрлі өкілдерін барынша тарту үшін заңнамаға басқа да тың өзгерістер енгізілді. Мысалы, депутаттық мандаттың 30 пайызын әйелдерге, жастарға және ерекше қажеттілігі бар азаматтарға бөлу заң жүзінде бекітілді.
Сонымен, сайлауға 7 партия түсетіні белгілі болды. Олар: «Қазақстанның Халық партиясы», «Ауыл» халықтық-демократиялық патриоттық партиясы , «Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясы», «AMANAT» партиясы, «Ақ жол» Қазақстанның демократиялық партиясы, «Байтақ» қазақстандық жасылдар партиясы және «Республика» партиясы. Саяси ұйымдардың барлығы науқанға қатысатынын айтып, ресми мәлімдеме де жасады. Осылардың ішінде «Байтақ» партиясы Атырау, Қызылорда және Қарағанды қалалық мәслихаттарына ғана үміткер ұсына алады. Себебі осы қалаларда ғана өкілдіктері бар. Ал еш қалада өкілдігі тіркелмеген «Республика» партиясы мәжіліс сайлауына қатысқанымен, мәслихат сайлауынан қалыс қалуы мүмкін. Бұл 2 партия 8 ақпанға дейін өңірлерде филиалдарын ашып үлгерсе ғана мәслихат сайлауына қатыса алады. Сондай-ақ, «Ел тағдыры» және «Ұрпақтар жалғастығы» деген 2 саяси партия Әділет министрлігіне тіркеуге өтініш берген. Рұқсаттама алды. Енді ұйымның съезін өткізуі керек. Олардың да 8 ақпанға дейін ОСК-ға құжат тапсыруға уақыты бар.
Осы аптада «Ақ жол» партиясы жиі аталды. Дәлірек айтсақ, оның мүшесі, қазір енді экс-мүшесі әрі экс-депутат Азамат Әбілдаев «Азаттық» тілшісіне берген сұхбатында ол Украинадағы жағдай бойынша пікірін айтып, Ресей президенті Путиннің саясатын қолдайтынын жеткізген еді. Алғашында «Ақ жол» төрағасы Азат Перуашев бұл депутаттың «жеке пікірі» десе, кейін партияның ұстанымына қарама-қайшы екенін мәлімдеді. Азамат Әбілдаев «Ақ жол» партиясының құрамынан шығарылып қана қоймай, мәжіліс тарамай тұрып, депутаттық мандатынан да айырылды.
Альбина Әшім