Ұлыбританияда жұмыс күшінің тапшылығы рекордтық деңгейге жетті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ұлыбританияда жұмыс күшінің тапшылығы рекордтық деңгейге жетті

20.01.2023

Ұлыбританияда жұмыс күшінің тапшылығы бұрын-соңды болмаған рекордтық деңгейге жетті. Бұған не себеп? 

Марина Бекенова, тілші:

Басты себеп - Брексит. Ұлыбритания Еуропалық Одақ құрамынан шыққалы 330 мың еңбек мигранты жұмыс орындарын тастап, туған жерлеріне оралған. Ал қайтып келейін десе, билік талаптарды күшейтіп тастаған. Негізінен біліктілігі төмен мамандар жетіспейді. Бәрінен де көлік айдап, қоймада жұмыс істейтін жұмысшыларға сұраныс жоғары. Бұдан бөлек, көтерме және бөлшек сауда, қонақ үй мен қоғамдық тамақтандыру салаларында да қызметкерлер тапшы.

Алекс Мурати, кәсіпкер:

Біз ондаған жылдардан бері ЕуроОдаққа мүше мемлекеттерден келетін жұмыс күшіне сенетінбіз. Бірақ қазір бәрі өзгерді. Бұл мәселе алдағы айларда оңынан шешіледі деп ойламаймын. Жағдайдың күрделене түсетін түрі бар.

Марина Бекенова, тілші:

ЕуроОдақ құрамына кірмейтін мемлекеттерден келген 130 мың жұмысшы мәселені сәл де болса жеңілдетті. Бірақ, проблеманы толық шеше алмады. Бұрын Брекситті қос қолдап қолдағандар райынан қайтып, ЕуроОдақтан жұмыс күшін тарту үшін иммиграциялық ережелерді қайта қарауға шақырып жатыр.

Зерттеулерге сәйкес, Ұлыбританияда бос жұмыс орындарының көбеюі экономиканың өсуіне кері әсер етіп, инфляция деңгейінің еселенуіне себепші болады. Яғни жұмысшыларды тарту үшін жалақыларын өсіруге мәжбүрлейді. Нәтижесінде қымбатшылық қыса бастайды. 


Хабарламаларға жазылу