Ұлыбританияда пайыздық мөлшерлеме рекордтық деңгейге өсті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ұлыбританияда пайыздық мөлшерлеме рекордтық деңгейге өсті

16.05.2023

Ұлыбританияның Бас қаржы институты пайыздық мөлшерлемені соңғы 15 жылда болмаған ең жоғары деңгейге көтерді. Англия банкі шарықтаған инфляцияны ауыздықтаудың басқа амалын таппай отыр.

Марина Бекенова, тілші:

Елде азық-түлік, жарық пен газдың бағасы өсіп, қымбатшылық алқымнан алып тұр. Англия банкінің бағалауынша, тұтынушылық инфляция деңгейі бірінші тоқсанның қорытындысы бойынша 10,2 пайызға жеткен. Яғни, бұған дейін жасалған болжамдардан жоғары.

Эндрю Бэйли, Англия банкінің басқарушысы:

Біз бүгін банк мөлшерлемесін 0,25 пайыздық тармаққа, яғни 4,5 пайызға дейін көтердік. Инфляцияны төмендету үшін біз осы бағытымызды ұстануымыз керек.

Пайыздық мөлшерлеменің өсуі халықты қарыз алмауға, ақшаны аз жұмсауға және көбірек үнемдеуге ынталандырады. Бірақ несиесі бар адамдар қиналады. Англиядағы тұрғын үй секторы жүргізген сауалнамаға сәйкес, шамамен халықтың үштен бірі ипотека төлейді. Пайыздық мөлшерлемелер өскеннен кейін олардың банкке берешегі артпақ. Тұтынушы және автонесиесі барларға да оңай болмайды. Жазда Англия банкі мөлшерлемені тағы көтереді деген болжам бар.

Марина Бекенова

Хабарламаларға жазылу