Қазақ ұлттық өнер академиясында оқу ғимараты жетіспейді. Мәдениет және спорт министрлігінің алқа отырысында академия ректоры Азамат Сатыбалды осылай деді.
Оның айтуынша, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясында 3 корпус болса, өнер адамдарын дайындайтын жоғары оқу орнында тек 1 ғимарат бар. 2600-дей студенті бар академияда жатақхана мәселесі де өзекті. Сонымен бірге колледж бітіріп келген талапкерлерге 3 жылдық грант бөлу жайы да көтерілді. Ректор оларды мектеп бітіріп келген студенттермен оқыту тиімсіз дейді.
Азамат Сатыбалды, Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының ректоры:
Жібек жолы, 100 деген мекенжай бойынша жаңа ғимаратты өзіміздің балансқа келісіммен алдық. Бірақ толық балансқа өткен жоқ. Мемлекеттік деңгейді толық балансымызға өткізетін болса, өзіміздің күшімізбен 1 қыркүйекке дейін ішіне толық жөндеу жұмыстарын жасап, жаңа ғимараттың ашылуына өздеріңізді шақырсақ деген арманымыз бар.
Жиынға қатысқан Премьер-Министрдің орынбасары Алтай Көлгінов айтылған проблеманы шешу үшін министр Асхат Ораловқа тапсырма берді. Ғимаратты жөндеу үшін есептеу жүргізу керегін айтты. Ал колледжден келген студенттердің мәселесін қарастырамыз, деді.
Асылбек Данияр