Қарағанды облысында 1700 адам көшеде жүріп жарақат алған - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қарағанды облысында 1700 адам көшеде жүріп жарақат алған

13.01.2023

Қарағанды облысында көктайғақ салдарынан көшеде құлап жарақаттанғандар күрт көбейген. Бораннан кейінгі жылымық күндерден соң қатқан мұз бен үйілген қарды коммуналдық қызмет тазалап үлгермей жатыр. Тұрғындар болса көшеде жүру мұң болғанын айтып шағымдануда. Ал жұрттың кейбірі жаяу жүрісті жеңілдетіп, конькимен жүруге мәжбүр болған. 

Константин Васькиннің әлеуметтік желіге тараған мына бейнежазбасынан соң қала тұрғындары жаппай көшедегі көктайғақты, коммуналдық қызметтің салғырт жұмысын сынға алған. Тапсырыс жеткізушінің сөмкесін арқалаған жігіт көкайна көшелермен жүрісін жеңілдету үшін аяғына коньки байлап сырғанап жүр. Бастапқыда жылдам тамақтану орнына жарнама үшін түсірілген бейнежазба мұндай қоғамдық пікірге түрткі болады деп ойламадым дейді ол.

Константин Васькин, қала тұрғыны:
Бораннан соң +4 градусқа дейін күн жылыды ғой. Бүкіл қаланы түгел конькимен кезуге болатындай көкайна мұзға айналды. Коммуналдық қызмет үлгермей жатыр. Сосын техникалары да аз сияқты. Әр жерде бір-екеуі жүреді.

Қарағанды облысында жаңа жыл басталғалы қарлы боран соқты. Екі аптада айлық нормадан асатын қар түскен. Көшені тазалау жұмысын жаңбыр жауып, артынша аяз болғаны қиындатып жіберді.

Руслан Нұрланұлы, тілші:
Қаңтардың басынан соққан бораннан соң күн жылып, көшелерді және асфальтты сірескен мұз басып қалды. Коммуналдық қызмет болса тазалап үлгермей жатыр. Қазір көшеде жүру өте қауіпті. Тіпті соңғы аптада далада жүріп құлап, медициналық көмекке жүгінгендер көбейген.

Көктайғақта құлап бейнетті болғандардың бірі Ақтолқын Ұрықтемірова. Абайсызда аяғын жарақаттап алған.

Ақтолқын Ұрықтемірова, қала тұрғыны:
Тротуардың үстінде қар үйіліп тұр, содан аяғым қисайып кетті. Тобығым сынды. Қала тұрғындары айтып жатыр ғой, жүру мүмкін емес. Әсіресе үлкендерге қиын. Қаланың іші көктайғақ. Соған енді ЖКХ, әкімдік назар аударса дейміз.

Соңғы 2 аптада облыс бойынша 1700 адам көшеде жүріп жарақат алған. Әсіресе көктайғақта жығылғандар көп. Коммуналдық мекемелер жолдарды тас болып сірескен мұздан тазартып үлгермей жатыр. Бұл жұмысқа қалада 124 техника жұмылдырылған. Алайда осы аптадағы -30 градустан жоғары үскірік аяз осы жұмысқа айтарлықтай бөгет келтірді.

Ақылжан Уахитов, Қарағанды қаласы Қазыбек би ауданы әкімдігінің маманы:
Қатты аязға байланысты техникалар мына жолдарды, қарды қыратын автогрейдер, трактор, НДК техникалары істен шығып жатыр. Бірақ оған қарамастан ескерту берілген. Бүгіннен бастап аяз төмендейді, қосымша техникалар қарастырылады. Тұз, құм себу сияқты қосымша жұмыстар жасалынады.

Коммуналдық қызмет жол мен қоғамдық орындарды қар мен мұздан тазалайды. Ал жеке кәсіпкерлік нысандар өз ауласын мұнтаздай етуге жауапты. Бұл үшін мамандар жергілікті полиция қызметкерлерімен бірлесіп сауда орындары мен өзге де бизнес ғимараттарға рейдтік шаралар жүргізіп жатыр.

Руслан Нұрланұлы

Хабарламаларға жазылу