АҚШ-та инфляция төмендеп келеді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

АҚШ-та инфляция төмендеп келеді

13.01.2023

Америкада инфляция алты ай қатарынан төмендеп келеді. Яғни, тауарлар мен қызметтердің бағасының өсуі тоқтап, қайтадан арзандап жатыр. Дегенмен инфляцияны пандемиядан бұрынғы екі пайыздық деңгейге жеткізу қаншалықты мүмкін екені белгісіз.

Жалғас Сәдібекұлы, журналист:

АҚШ-тың Еңбек статистикасы таратқан мәліметке қарағанда, тұтыну бағасының индексі өткен айда 6,5 пайыз болған. Яғни, жарты жыл бұрынғы көрсеткішпен салыстырғанда едәуір түскен. Нақты айтқанда, былтыр маусымда инфляция 9 пайызға дейін шарықтап, елді қырық жылда болмаған қымбатшылық жайлаған еді. Бір ғана мысал, сол кезде жанармайдың бір литрі 600 теңгеге жетсе, қазіргі таңда екі есеге жуық арзандады. Халық та тауарлар мен қызметтердің құны өзгергенін айтады.

Федералдық резерв инфляцияны 2%-дық деңгейге түсіруге барын салып жатыр. Ол үшін бірнеше рет базалық мөлшерлемені көтеріп, халықтың арзан несие алу мүмкіндігін азайтқан. Алдағы айларда да несие ставкасын тағы екі немесе үш рет арттыруды жоспарлап отырғанын мәлімдеді. Себебі, пендемия кезінде халыққа бір реттік көмек ретінде берілген бірнеше триллион доллар, тауар бағасының шарықтауына әкелген еді. Десе де халықтың қаржы алуын шектеу, жаңа бизнес көздерінің ашылуына кедергі болуы мүмкін. Сондықтан кейбір сарапшылар жыл соңына қарай АҚШ экономикасы құлдырайды деп есептейді. Алайда, ел рецессияға түспейтініне сенімділер де көп.

Кевин Мэн, экономист:

Тарифтердің көтерілуі мен инфляцияның жоғары деңгейіне қатысты ең нашар күн артта қалды. Иә, 2023 жылдың алғашқы жарты жылдығында әлі де АҚШ экономикасы рецессиялық кезеңде болып одан әрі баяулауы мүмкін. Бірақ менің ойымша, ел экономикасының қайта өркендеуін екінші жарты жылдықта көре бастаймыз»

Жалғас Сәдібекұлы, журналист:

Ең бастысы жұмыспен қамту көрсеткіші әлі де жоғары. Ал жұмыссыздық деңгейі 3,5% аспайды, бұл жарты ғасырдағы ең төменгі көрсеткіш. Қалай болса да қымбатшылық елдің ішкі саяси ахуалына тікелей әсер етеді. Мәселен, демократтардың аралық сайлауда жеңіліп, Конгрестің төменгі палатасын уысынан шығарып алуына, инфляцияны дер кезінде ауыздықтай алмағаны да негізгі себептердің бірі болған еді. Құнсыздануға жеткілікті қарсы тұра алмаса, келер жылы өтетін Президенттік сайлауда да республикашылдарға есе жіберіп алуы ықтимал.

Жалғас Сәдібекұлы


Хабарламаларға жазылу