Алматыда қатты аязға байланысты оқушылар қашықтан оқып жатыр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Алматыда қатты аязға байланысты оқушылар қашықтан оқып жатыр

12.01.2023

Алматыда күн күрт суытты. "Қазгидрометтің" хабарлауынша, алдағы 4 күн ауа температурасы 25 градусқа дейін төмендейді. Бұл шаһар үшін қауіпті метеорологиялық жағдай болып отыр. Әрі мегаполисте қалың қар жауып, халықты біраз әбігерге салды. Қолайсыз ауа райының салдарымен қала қалай күресіп жатыр?

Пандемия кезін есептемегенде, алматылық оқушылар мен колледж студенттері алғаш рет күннің күрт суытуына байланысты қашықтан оқуға көшті. Ауа температурасының 25 градусқа дейін төмендеуі өзге өңірлер үшін қалыпты жағдай болса, алматылықтар үшін күтпеген жайт.

«Қазгидрометтің» мәліметінше, өңірде бірнеше күн аяз сақталып, соның салдарынан көктайғақ болады деп күтіліп отыр. Осыған байланысты қалалық Төтенше жағдайлар департаменті тұрғындарға ескерту жасады.

Дамир Төлебаев, қалалық Төтенше жағдайлар департаменті басқармасының инженері:
Сізден қысқы кезеңде сақтық шараларын ұстануды сұрайды. Көшеде ұзақ серуендемеңіз, қаладан тыс жерлерге қажетсіз бармаңыз, көшеге шыққанда жылы киініңіз. Сонымен қатар, департамент тиісті органдар мен ұйымдарға тұрғындардың тіршілігін қамтамасыз ету объектілеріне бақылауын күшейтуді ұсынды.

Алматылықтарды толассыз жауған қар да әбігерге салып жатыр. Қолайсыз ауа райының салдарынан бір тәулікте 160-қа жуық жол апаты тіркеліп, 25 жолаушы жарақат алған.

Салтанат Әзірбек, Қалалық полиция департаментінің ресми өкілі:
Алматы қаласында 550 мың автокөлік тіркелді. Сонымен қатар, Алматы көшелерінде күнделікті 300 мыңға жуық басқа қалалардың көліктері жүреді. Жылда қар немесе жаңбырдың күрт түсуіне байланысты жолдағы ахуал қиындай түседі. Жол-көлік процессіне қатысушыларға айтатынымыз - сақтық шараларын таныту керек.

Қалыңдығы 20 сантиметрге дейін жететін қарды екі күннен бері тазалау жұмыстары жүргізіліп жатқанымен, оны бірден аршу оңайға соқпай тұр. Екі тәулікте 14 мың 600 текше метр қар шығарылды. Бүгін де осы мақсатта 500-ден астам арнайы техника мен 1300-дей қызметкер жұмылдырылып, шаһар қалпына келтіріліп жатыр.

Фариза Мұсақызы, тілші:
Метеорологтардың хабарлауынша, алдағы төрт күнде минус 25 градусқа дейін аяз қаритын түрі бар. Көктемі көп күттірмейтін, қысы алты айға созылмайтын аймақтың тұрғындары үшін бұл шынында сарышұнақ аяз болып тұр. Дегенмен, былтырғымен салыстырғанда бұл қыс қытымыр емес.

Фариза Мұсақызы


Хабарламаларға жазылу